Төтенше жағдайға дайындық тексерілді

Биылғы қыс өңіріміз үшін айтарлықтай жылы болды. ҚР ІІМ ТЖК «Қазселденқорғау» Сарқан ӨПУ ММ басшысы Х.Михалев берген деректерге сүйенсек биылғы қыстың көрсеткіштері 2017 жылғы сәйкес мерзімнің ауа-райына жуық. 24-ші ақпан күнгі мәліметтерге сай қаладағы қардың қалыңдығы 17 см, жер тоңы 40 см жеткен. Ал Сарқан гидробекетіндегі ақ ұлпаның қалыңдығы 31 см құраса, топырақтың қатуы 11 см, Басқанда 23-12, Лепсіде бұл көрсеткіш 75-20-ны құраған. Сала маманының айтуынша қардың еру процесі басталған. Таулы аймақтарда қар көшкіні жүру ықтималдығы жоғары. Міне, бұның барлығы тас-түйін дайындықты қажет етеді.

Апта  басында аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанындағы алаңда «Көктем-2020» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. 35 дана әр түрлі техника және 105 адам «Дабыл» бойынша көтеріліп, жоғары әрекет деңгейіне келтірілді.  Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін ұйымдастыруды жетілдіру, сондай-ақ басқару органдарын, күштер мен құралдарды талапқа сай ұстау мақсатында өткен ауқымды шараға аудан әкімі – аудандық азаматтық қорғаныс бастығы Марат Разбеков қатысып, ауданның жедел әрекет ету жасағының жеке буындары және командаларының саптық түзілуін аралап, осы буынды құрайтын біраз мекемелер жұмысына сын айтып, оны жоюға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен бірге саптық тексеріс кезінде Марат Мелісұлы әрбір құрам және буындардың төтенше жағдайлар кезіндегі негізгі міндеттері мен қимылдарын сұрап, мүлікпен, арнайы киім және техникамен жабдықталуымен жақын танысты. Сондай-ақ  аудандық азаматтық қорғаныс бастығы хабарландыру және байланыс жүйелерінің дайындығын көзбен көріп, материалдық-техникалық, азық – түлік, медициналық және де басқа қажеттіліктердің жеткілікті  мөлшерде болуын қатаң тапсырды. Шараға аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі комиссия мүшелері, аудандық эвакуациялық комиссия, жедел әрекет ету жасағы және т.б. қатысты.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: