Төтенше жағдайларға дайындық тексерілді

Қараша күзбен келіп жеткен қара суық қыстың да қыр астында тұрғанын сездіргендей. Биылғы қыс туралы сан түрлі болжам бар. Дегенмен айтып келмейтін апатқа қашан да сақадай сай болған дұрыс.

Өткен апта  басында аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанындағы алаңда «Қыс-2018» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. 35 дана әр түрлі техника және 119 адам «Дабыл» бойынша көтеріліп, жоғары әрекет деңгейіне келтірілді.  Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін ұйымдастыруды жетілдіру, сондай-ақ басқару органдарын, күштер мен құралдарды талапқа сай ұстау мақсатында өткен ауқымды шараға аудан әкімі – аудандық азаматтық қорғаныс бастығы Марат Разбеков қатысып, ауданның жедел әрекет ету жасағының жеке буындары және командаларының саптық түзілуін аралап осы буынды құрайтын біраз мекемелер жұмысына сын айтып, оны жоюға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен бірге саптық тексеріс кезінде Марат Мелісұлы әрбір құрам және буындардың төтенше жағдайлар кезіндегі негізгі міндеттері мен қимылдарын сұрап, мүлікпен, арнайы киім және техникамен жабдықталуымен жақын танысты. Сондай-ақ  аудандық азаматтық қорғаныс бастығы қыс кезінде  төтенше   жағдайлардың   зардаптарын   жоюдың   бейбіт уақытқа  арналған  Азаматтық  қорғаныс   жоспарын   және   әрекеттестік жоспарлары   мен  оларға   берілген  түсінік хаттарын, қыс  жағдайында энергиямен,  газбен, сумен   және  көлік  коммуникацияларымен қамтамасыз ету, хабарландыру және байланыс жүйелерінің дайындығын қыс кезінде болуы  мүмкін төтенше  жағдайлардың     зардаптарын    жоюға    арналған    авариялық   –   құтқару  қызметтерінің күштері  мен  құралдарының  есебі  мен олардың  дайындығын және адамдар жаппай жүретін нысандарда  энергиямен    қамтамасыз   етудің   жекелеген   көздерінің,    материалдық-техникалық, азық – түлік, медициналық және де басқа қажеттіліктердің жеткілікті  мөлшерде болуын қатаң тапсырды. Шараға аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі комиссия мүшелері, аудандық эвакуациялық комиссия, жедел әрекет ету жасағы және т.б. қатысты.

 

П.ЖЕҢІСХАН.

Мәліметпен бөлісу: