Тәуелсіздік – тірегіміз

1991 жылы 16 желтоқсанда бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандаған ұлы күнге жеттік. Тәуелсіздігімізді алдық. Өз туымызды биікке көтеріп, әнұранымызды әуелеттік. Ата заңымыздың аясында бейбіт күннің шапағатына бөлендік. Әлемге аз уақытта танылған жасампаз бейбітшілік пен келісімнің қаласы – Нұр-Сұлтанымыз мақтанышымызға айналды. Көршілерімізбен кеңістігімізді анықтадық, салт-дәстүрімізді жаңғырттық, туған тілімізді тірілттік, дінімізді, ділімізді бекемдедік. Ұлттық рухани болмысымызды айқындап, өркениетті әлемге бет түзедік.   Уақыт өлшемімен алғанда отыз жыл деген тым қысқа уақыт. Бірақ адами өлшемге салсақ соншалықты аз мерзім емес. Бұл жылдары жеткен жетістіктерімізді бір мақала аясына сыйдыру әсте мүмкін емес.

 – Ең бастысы біздер тәуелсіз қазақ елінің ұрпағымыз. Сондықтан өз жерімізді, өз елімізді әкелеріміз бен аталарымыз сияқты қадірлеуге, сүюге, қорғауға тиіс екенімізді естен шығармайық! Өз Отаныңның патриоты болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіңе ұялату, ел мен жеріңе деген сүйіспеншілік, оның тарихы мен мәдениетіне деген зор құрмет. Өңіріміздегі іргелі оқу ордасының ұстазы ретінде алдымдағы шәкірттерімнің көкейіне дәйім осыны ұялатып келемін. Ертеңгі ел тірегі атанар жас буын санасына Отаншылдық сезімін сіңіре отырып, лайықты тәлім мен тәрбие берудің маңызы әрқашан зор. Ел Президенті бір сөзінде: «Біз ұлы жолға шықтық, арманды сапарға аттандық. Қолымызда – тәуелсіздіктің көк туы. Лайым бетімізден жарылқасын! Үлкен жолдың үстінде бізді ата – бабаларымыздың аруағы желеп – жебесін!» деген болатын. Ендеше, тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында мен елімнің бүкіл әлем алдында абыройы асқақтап, көркейе берсін, барлық жемісті жетістіктеріміздің тірегі – Тәуелсіздігіміз баянды, құтты болсын дегім келеді.

З.Жақаева,

Абай атындағы мектеп гимназияның мектепалды даярлық сыныбының мұғалімі.

Мәліметпен бөлісу: