Тұғыры биік – тәуелсіздік

Биыл тұғыры сан ғасырлық арман-мұратпен өрілген азат елдің айрықша мерекесі – Тәуелсіздігімізге 28 жыл толып отыр.

Ұлттық мейрамға арналған салтанатты шара  аудандық мәдениет үйінде «Ар намысым, қасіретім, мақтанышым — Желтоқсан» атауымен өтті. Халқымыздың қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үкілі үмітін өрнектеген мемлекеттік Гимн де бұл күні айрықша асқақ естілетіндей. 

Шара бастауында жиналған көпшілікті аудан әкімі Марат Разбеков құттықтап, тәу етер-Тәуелсіздік жылдары елімізге, оның ішінде өңірімізге толағай табысты болғандығын сөзіне арқау етті.  Аймақ басшысы сондай-ақ мемлекетіміз бағындырған белестерді одан әрі бекемдей түсу ісінде аудан азаматтарының да салмақты үлесі барлығын тілге тиек етіп, ұлы мейрамның ұлылығын  атап өтті.

-Қадірменді жерлестер! Сіздер-ді барша арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған ұлық мерекеміз – Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн — мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты әрі құнды мереке.

1991 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіздігімізді жария етіп, мәңгілік ел болудың бірегей қадамын жасадық. Ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қол жеткіздік. Тұғыры – тыныштық, тірегі – тұрақтылық, тілегі – татулыққа негізделген Қазақ елін бүгінде әлем бейбітшілік бесігі деп мойындайды.

Құрметті сарқандықтар! Қазақ-стан Республикасының Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Еліміздің тұрақты дамуы мен өркендеуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын.

Мемлекетіміздің Көкбайрағы бейбіт аспан астында желбірей берсін! Мереке құтты болсын! – деп Марат Мелісұлы мерекелік лебізін түйіндеді.

Салтанат сәні қашанда мерей өсірер марапатпен жарасымды.  Мереке қарсаңында Алматы облысы әкімінің Құрмет, алғыс хаты және аудан әкімінің алғыс хаты бірқатар мекеме, ұжым қызметкерлеріне табысталды. Салалық жекелеген марапаттар да иегерлерінің жүзін жарқын етіп, абыройларын асқақтатты. Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жыл  29 қараша №207 Жарлығымен еліміздің білім саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін аудандық білім бөлімінің басшысы Иманғазиева Панар Әнуарбекқызы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар әр салада ауданымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосқан  азаматтарға «Сарқан ауданының Құрметті азаматы» атағы салтанатты түрде табысталды.

Шара соңында Талдықорған қаласынан арнайы келген «Талды-қорған әуендері» этнографиялық ән-би ансамблінің және аудан өнерпаздарының арнайы концерттік бағдарламасы көп көңілін көкке өрлетті.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: