Тәжібаев оқулары

Аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен қаңтар айының 30 жұлдызында ақын, драматург, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның халық жазушысы, «Бір ел-бір кітап» республикалық акциясының қорытындысы бойынша  2019 жыл таңдауы Әбділда Тәжібаевқа 110 жыл толуына орай «Тәжібаев оқулары» атты аудандық байқау өткізілді.

Байқауымыздың басты мақсаты Сырдың толағай ақыны Әбділда Тәжібаев туралы мағлұмат беру, дарынды ақынымыздың өрісті ой, өшпес көркем мұрасын жас ұрпаққа насихаттау, ақын шығармалары арқылы ұлтжандылық сезімін оятып, отаншылдыққа, адамгершілікке, елінің өнерін сүюге тәрбиелеу, поэзияға деген сүйіспеншілігін арттыру. Байқау қатысушыларын бағалау үшін арнайы қазылар алқасы құрылды. Аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, қазылар алқасының төрағасы Құдияров Жалел Халелұлы,аудандық кітапхана директоры Мухаметкалиева Гулнар Мерхатқызы, аудандық кітапхана комплектаторы Молдағалиева Анар Джамбылқызы,ардагер ұстаз Смаханова Ұлжан Узбехановна, жастар орталығының маманы Бекова Арайлым Қайратқызы байқауға қазылық етті.

Байқауға М.Жұмабаев атындағы орта мектеп, Екіаша, Қарауылтөбе,  Ақын Сара атындағы орта мектептерінен 14 оқушы қатысты. Байқаудың шарты бойынша жыр додасына қатысушы оқушылар сыр ақыны Әбділда Тәжібаевтың өлеңдерімен, пъесасын нақышына келтіріп, жатқа айтты. Қатысушылардың өнерін бағалауға арнайы құрылған қазылар алқасының шешімімен Ақын Сара атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Есбол Құндыз бас жүлдеге ие болып, облыстық «Тәжібаев оқуларына» жолдама алды, Екіаша орта мектебінің 9-сынып оқушысы Тасыбек Гулзат I – орынға, Қарауылтөбе орта мектебінің 11-сынып оқушысы Көпбаева Гүлім II – орынға, М.Жұмабаев атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Икен Назерке  III – орынға ие болды. Байқауға қатысушы оқушылар сыйлықтармен, мадақтама грамотасымен марапатталды.

М.ҚҰРМАНБАЕВА,

аудандық кітапхана қызметкері.

Мәліметпен бөлісу: