Табиғаты тұнған мейірім

Еңбек ләззаты, дүниетаным дегдарлығы адамның адамдығын сипаттайды. Өзі қалап алған мамандығынан ләззат алғандар бақыттылар сапында. Содан кейін, әрине, ләзаттана, ғибратлана атқарған қызметі,  адамдарға керек болу сезімі жас маманды алға бастап, дүниетанымын кеңейтеді.

Ұлы Абай «Құдай Тағала дүниені кәмалатті шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өсіп-өнсін деп жаратқан. Сол өсіп-өну жолындағы адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды-әуелі дос көбейтпек. Ол досын көбейтпектің табылмағы өзінің өзгелерге қолынан келгенше достық мақамында болмақ. Кімге достығы болса, достық шақырады,-деп жазған 38-қарасөзінде.

Біздің кейіпкеріміз Салтанат Әлімханқызы Кесикбаева да айналасына шуақ шашып келеді, қолынан келгенінше қалың елге қызмет көрсетіп келеді. Сондықтан да оның жанашыр досы көп, тілеулес құрбылары жетіп артылады. Ем-домын алып, жылы сөзімен қуаттанғандар оны өзімсінеді, «менің дәрігерім» деп атайды.

Ол тәуелсіздікпен құрдас 1991 жылы Талдықорғанда дүние есігін ашқан. Әкесі Әлімхан Кесикбаев қуатты КамАЗ-ды меңгеріп, алыс сапарларға шығып отбасымен сағына қауышатын. Анасы Дария  кітапханашы еді, өкінішке орай өмірі 2012 жылы қызы Салтанат медуниверситетте оқып жүргенде ерте үзілді. Талдықорған қаласындағы Мұхтар Арын атындағы  мектеп-лицейді үздік бітіріп, жаны қалаған мамандығын игеру үшін грантқа ие болған Салтанат 2008 жылы  С.Асфандияров атындағы мемлекеттік медицина университетінен отбасылық дәрігер мамандығын алды. Алғашқы еңбек жолын жас дәрігер ретінде Талдықорған қаласындағы   №1 емханасынан бастаған Салтанат Әлімханқызы 2018 жылы Алмалы ауылдық амбулаториясына бас дәрігер болып қабылданды. Кезінде әкесінің жарқын ізі қалған Қойлық ауылында балалық шағы өткен Салтанат бұл өңірді туған жерім деп санайды. Алмалы тұрғындары бүгінгі күнге дейін оны «біздің дәрігеріміз» деп құрмет тұтады.

Оның табиғаты тынымсыз ағатын өзен секілді. Бірде баяу, бірде арқырап ағады. Қалай болғанда да бөгеліп қалғанды, тоқтап қалғанды жаны қаламайды. Тынымсыз ізденістегі дәрігер пандемия кезінде аудандық ауруханаға керекті мамандардың бірінен саналды.

-2020 жылы аудандық орталық ауруханаға шақыру алдым, жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі болып қабылдандым.  Менің ойымша, дүние тіршілігіндегі ең қиын, ең тауқыметті, ең жауапты кәсіп-дәрігерлік мамандық. Тәж-вирус жұқтырған адамдардың хал-ахуалын көріп жаның ауырады. Ентігіп, бір жұтым ауа жетпей дағдарған, бір жамбастап жатқан адамдардың көзіне тура қарай алмайсың. Құтқара аласың ба, жоқ па?! Өткен жылғы наурыз-шілдеде қаншама қимас адамдарымен қоштасқан қалың жұрттың өкпе-наласын тарқата аламыз ба?-дейді Салтанат Әлімханқызы.

Арпалыспен жыл өтті. Алғашқыдай емес, аурудың алдын алуға қам жасалды. Дерт жұқтырғандар уақыт оздырмай келсе апта аралатып сақайып шығады. Бір жұтым ауаға мұқтаж болғандар үшін аппараттар жеткілікті. Ауа балондарын жүйелі толтыру мақсатында аурухана аумағында арнайы станция жұмыс істейді. Сөздің қысқасы бағзы кездегідей асығып-аптығудың қажеті шамалы. Дегенмен де бір-біріне ұқсамайтын адам ағзасы тұтынатын дәрі-дәрмекті, ем-шипаны саралау үшін, әлбетте, білімің ғана көмекке келеді. Осы тұрғыда біздің кейіпкеріміз әріптестері Алуа Мәлікқызын, Мұрат Бөлегеновты, Олжас Байжановты,   мейірбикелер Самал Сымажанованы, Бақытжан Мамырбаеваны,  денсаулық саласында жүргендердің  атын атап, түсін түстеп ізгі лебізбен әңгімеге арқау етеді.

-Коронавирусты жеңіп,

Түбіне жетіңдер.

Ол үшін алдымен,

Бір-біріңе «терпеть» етіңдер,- деп жазыпты сықақшы бір бауырымыз. Шындығында да Алла барша адамзатты үй қамаққа алды. Мұндайда, әрине, жүйкесі мықтылар, өзінің де өзгелердің де денсаулығына алаң болған адамдар ғана жеңіп шығады. «Күннің жаманы кетеді» дегендей аурудың жаманын да аластайтын уақыт алыс емес.

Әйел-табиғатынан ержүрек, батыл қадам жасай алатын жаратылыс. Ел басына күн туса-етегін байлап, қару-жарағын сайлап жорықтан да қалмайды бірақ ол көбінесе ер-азаматына жанашыр. Ерінің бағыт-бағдарына икемделіп, бағынып та отырады. Салтанат ері  Алмас Маратұлы      екеуі үріп ауызға салғандай           үш  бала  тәрбиелеп, жұмысының жауапкершілігіне қарамастан отбасы мүшелерінің бабын жасап, алға қадам басып келеді.

Ата-анасының, қайын жұртының өнегесін алып, бүгінгінің шуағымен ертеңін жылытып жүрген қалың жұрттың қалаулысы Салтанат Әлімханқызы осындай жан.

Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: