Табысқа талпынғандар жетеді

Өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделудің және табысқа жетудің 10 міндетін атап көрсеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауы ұлы мақсаттарға жетудің маңызды қадамдарын нұсқауымен құнды. Жолдаудың “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” деген атауы тосын, оқыған, естіген жанды елең еткізеді. Демек, білім мен ғылымға жақын, жұмысына жауапты азаматтарға төртінші өнеркәсіптік революция үлкен мүмкіндік береді.

Қазіргі өзгерістерге ілесу үшін адам өзінің білімін жаңа сатыға көтеруге ынталануы керек. Қазақстанның индустриясы жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы, ресурстық әлеуетті пайдаланудың тиімділігін айтарлықтай жақсарту, агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру тек білімді ұрпақтың, білікті маманның еншісіндегі іс. Сондай-ақ транспорт, құрылыс саласындағы оң өзгерістер, қаржы саласын “қайта жаңғырту, адами капиталдың жаңа сапасы, тиімді мемлекеттік басқару, заң үстемдігі, “Ақылды қалалар” келешегі елдің дамуының басты бағыттарын айқындап берді. Мемлекет басшысының қиындықтан шығар жолды алдын ала айқындап, жаһандық технологиялық өзгерістер кезеңінде кездесуі мүмкін жаңа сын-қатерлердің алдын алудың жолын көрсетуі үшінші жаңғыруға бет алған тәуелсіз еліміз үшін қажет қадам.
Бұл Жолдау жақсылықтың бастауы. Білім, денсаулық салалары қызметкерлерінің жалақысы мен зейнетақының өсуі, әрине, адами құндылықтың сапасын жоғарылататын игілікті шаралар болып табылады.
Бұл Жолдау біздің еліміздің одан әрі қарай әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды құжат. Заманға сай тарихи өрлеу дәуіріне бастайтын, қазақстандықтарды ортақ мақсатқа жұмылдыратын Жолдаудың міндеттерін саралап, өз саламызда жетістікке жету баршамызға жауапкершілік жүктейді.

Жомарт ИГІМАН,
аудандық мәслихаттың депутаты,
“Нұр Отан” фракциясының мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: