Өтпелі кезеңнен – жаңа қоғамға

Тарихы тереңдегі Қойлық ауылының бүгінгі ажар-келбеті сол елді мекендегі ұжымдық  шаруашылықты  1979-1996 жылға дейін басқарған Болат Макетовтың есімімен тығыз байланысты. Болат Нәбиұлы ұзын жолдың бойындағы елді мекеннің еңсесін биіктетіп тұрған Мәдениет үйін, Ұлы Отан соғысында қаза болған боздақтарға арналған кешенді мемориалды, орталықтағы саябақты өз бастамасымен дер кезінде ел игілігіне ұсынуға игі ықпалын тигізген азамат. Жекешелендіру кезінде де шаруа қожалығын сауатты басқарып, жерлестеріне тірек бола білгендігі, қамқорлыққа мұқтаж отбасыларын қанатының астына алғандығы әлі күнге дейін аңыз болып айтылады. Қолы қалт ете қалса көкейдегі көксеуін, өзегін өртеген өксігін де өлеңмен өрнектеген ақын ағамыздың соңында бірнеше жыр кітаптары қалды.

Аудандағы  мал дәрігерлік стансасына тәуелсіздік кезеңінде ұзақ жылдар бойы мал дәрігерлік салада тәжірибе жинақтап, бірқатар шаруашылықтарды басқарған осы саланың  білікті маманы Қанат Маманбаев жетекшілік етті. Жаңа ғасыр бастауында аудандық аумақтық ауыл шаруашылығы басқармасы құрылып, осы басқарманың тізгінін ұстаған Қанат Маманбайұлы іскерлігін танытты. Аудан кәсіпкерлері 2003-2005 ауыл жылдары гектар көлемін арттырумен қатар, оның шығымдылығы мен сапасына көңіл бөлді. Аудандық ауыл шаруашылық басқармасының  мемлекеттік карантин және фитосанитария бөлімі шаруа қожалықтарының жерлерін әр түрлі зиянкестер және арамшөптерден  арылтуды қадағалады. Егіс алқаптарындағы жер көлемінен  монолиттер алынып, оның өсіп-даму барысы анықталды. Сапаға баса назар аударылып, шаруа қожалықтарымен тығыз байланыс орнатылып, агротехникалық шараларды ғылыми негізде жүргізу қолға алынды. Осы істің бастауында жүрген Қанат Маманбайұлы зейнеткерлікке шыққан соң ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесінде Сарқан ауданының Құрметті азаматы атанды. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Пролетарий» колхозында бөлімше басқарушысы болған Болат Рахметқалиев ұзақ жылғы тәжірибесі нәтижесінде өз саласының білікті маманы ретінде жастарға үлгі бола білді. Бұған дейін Сарқан аудандық «Казсельхозтехника»  бірлестігінің директоры, Қарабұлақ ДЭУ-нің бастығы, Сарқан автобазасында директор болған Болат Рахметқалиұлы 1997 жылға дейін еңбек сапынан қалмай, қиын кезеңді жұртшылықпен бірге бірлесіп көтерді.

Ж.Игіман.

(Бұл мақаланың толық нұсқасын газетіміздің № 28,29 сандарынан оқи аласыздар)

#Qazaqstan30

Мәліметпен бөлісу: