Туған елге қызмет ету – парызымыз

2019 жылы Қостанай қаласында өткен Қазақстан-Ресей жастар ынтымақтастығы форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде «Еріктілер жылын» жариялау туралы ұсынысты қолдаймын», – деп мәлімдеген болатын. Өз сөзін Қасым-Жомарт Кемелұлы «Волонтерлер – нағыз патриот, олардың елді жақсарту ниетін құрметтеймін. Белсенді өмірлік ұстаным, армандарды жүзеге асыруға ұмтылу, үлкен жеке жеңіске, жеке табысқа жол ашады деп санаймын», – деп түйіндеген еді. Осылайша жастар жылының жалғасы іспетті 2020 жыл «Еріктілер жылы» болып бекітілді.  Сондай-ақ Президент арнайы қаулыға қол қойып, Үкіметке Волонтер жылын өткізу бойынша қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Осы орайда атаулы жылға орай «Парыз» Сарқан аудандық еріктілері» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Аслан Күбентаевпен сұхбаттасқан едік.

-Аслан, алдымен өңірімізде ілкімді істерімен жақсы нәтиже көрсетіп жүрген бірлестіктерің жайында тарқатып айтсаң?

-Биылғы жыл біз үшін де айрықша жыл. Себебі 2015 жылдың 21 қаңтарында ресми түрде тіркеуден өтіп, алғашқы адымдарымызды бастадық. Қазіргі таңда 50-ге жуық тұрақты мүшеміз бар. Еріктілеріміздің негізі колледж білімгерлері болса олардың 70% пайызы қыздардан құралған. Арнайы талаптардан өткен жастарға өзіміздің бірлестіктің құжатын табыстап, қатарымызға қабылдаймыз.

-Жалпы, «Парызды» құру туралы ой қайдан туындап еді?

-Әлеуметтік желіден «Ардагерлерімізді ардақтайық» атты бейнебаян тамашалап отырып, сан түрлі ойлар туындады. 9 мамыр-Жеңіс күні қарсаңында барлығымыз бір кісідей қарт майдангерлерді, соғыс куәгерлерін құрметтеп жатамыз, жылы сөзбен құттықтап, хал-жағдайын сұрап, сыйлық табыстап, дастархан жайып дегендей. Мұндай қалып көп болса 2-3 күн жалғасады да қалған уақытта көбіміз ардагерлеріміз турасында ұмытып кетеміз, келер жылғы атаулы күнге дейін. Сол кезде неге қарттарымыздың мәселесін жыл он екі ай назарда ұстамасқа деген ой мені қоғамның қозғаушы күші – жастардан еріктілер ұйымын құруға жетеледі. Қазіргі таңда іріктеп алынған парыздықтар жыл бойы жалғызбасты қариялардың отынын жарып, қарын күреп, мекен-жайларының маңын күл-қоқыстан тазалап, үйішілік тірліктерге, өзге де жұмыстарға қолғабыс етуді тұрақты дәстүрге айналдырдық. 40-қа жуық ардагерге тұрақты түрде қарайласамыз. Бұған қарттарымыздың үйренгені соншалықты кейде «қайда жүрсіңдер?» деп кәдімгідей ренжитіні бар. Қамкөңіл жандардың мұның барлығы ерікті түрде, ақысыз жасалатындығын, әрі жастарымыздың өзге де жұмыстары жетерлігін бағамдай бермейтін тәрізді.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға да көмек қолын созуды өзіміздің парызымыз санаймыз. Дегенмен осылайша көмекке мұқтаж жандарға қалтқысыз, риясыз қызмет етіп, төлеуіне шынайы айтылған алғаусыз алғыс пен береке тұнған бата алғанның өзі жүрекке жігер, бойға қайрат құяды.

-Еліміздің, оның ішінде өзіміздің өңіріміздің қоғамдық-саяси тыныс-тіршілігіндегі еріктілердің рөлі қандай деп ойлайсың?

-Ерікті сөзі соңғы жылдары өмірімізге барынша дендей енді. Волонтерлар қоғамдық іс-шараларда өте белсенділік танытып, көптеген игілікті қадамдарға атсалысуда. Мысалы, 2017 жылы Алматы қаласында өткен XXVIII қысқы Универсиадаға шамамен үш мыңға жуық еріктілер қатары жұмылдырылған екен. Жаңа жыл қарсаңында Алматы маңында жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, еліміздің қабырғасы қайысқан болатын. Сол тұста ешкім нұсқау бермей-ақ құтқарушыларға ыстық ауқат ұсынған еріктілердің ісіне жанымыз сүйсінді. Бұндай мысалдар жетерлік. Өмірлік ұстанымдары айқын, ниеттері таза, жомарт қолдарымен жүректерге қуаныш сыйлап жүрген жандар арамызда көптеп саналады. Бұлар өздерінің Отан алдындағы, туған ел, өскен жер алдындағы перзенттік, азаматтық парызын адалдықпен ақтап келе жатыр.

-2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Республикалық шарада үздіктер қатарынан көріндіңдер?!

-Ия, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған «Жомарт жүрек» сыйлығының «Ерен еріктілік» аталымы бойынша жеңімпазы атандық. 2018 жылы «Таным» Республикалық-қоғамдық премиясының «Волонтерлікті да-мытуға және ілгерілетуге қосқан үлес» номинациясымен марапат-талсақ, сол жылы облыстық жас еріктілер слетінде «Үздік еріктілер» командасы атандық. 2017 жылы парыздықтар 200 мың теңге көлемінде облыс әкімінің грантын ұтып алдық. Сан мәрте облыс, аудан басшылығы тарапынан да еселі еңбегімізге алғыс білдірілді. Бұның барлығы сөзсіз жұдырықтай жұмылған топтың жұмысына берілген жоғары баға. Бірлестіктің атауы еліміздің жүрегі – Нұр Сұлтан қаласында ең биік мінберлерден айтылып, мерейімізді тасытты.

Жыл соңында бірлестіктің жұмысын қорытындылап, үздіктерді аудан әкімінің  сыйлығына ұсынып жүрміз. Волонтерлардың материал-дық-техникалық әлеуетін арттыру да ойда бар.

-Болашақ жоспарларыңмен бөліссең?

-Биыл да бірқатар гранттарға қатысып, көкейде жүрген ойларымызды, әлеуметтік жобаларымызды жүзеге асырсақ деген жоспарларымыз бар. Нақты көздеген айқын мақсатымыз да бар. Оның да өз уақыты келер. Дана халқымыз «арық айтып семіз шық» дейді емес пе осындайда?! Айтпақшы, жақында ауданымыздағы белсенді жастың бірі Дастан Қалиев «Жалын жүрек» атты еріктілер бірлестігін құрып, ресми түрде тіркеуден өтті. Яғни, бұдан былай парыздықтардың бәсекелестері бар деген сөз. Бұл өз кезегінде ауданымыздағы еріктілер жұмысының сапасына соны серпін берері сөзсіз. Сондай-ақ мемлекетіміз биыл еріктілердің шәкіртақысына қосымша ақы қосуды, ерікті атанған уақытты еңбек өтілі ретінде есептеуді қарастыруда. Аталмыш мәселелер жақын арада өз шешімін табатыны сөзсіз. Мұның барлығы бұл бағыттағы жұмыстарды жаңа деңгейге, сапалы сатыға көтереді деген үміт бар. Сондықтан еріктілер алар асу әлі алда деп ойлаймын.

-Мазмұнды әңгімеңе рахмет!

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: