Туған жер – тұғырым

Уа, дариға, алтын бесік туған жер,

Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр!

Жаза алмас ем топырағыңды тебіренбей,

Ақын болмай, тасың болсам мен егер,-деп кезінде болашақ ұрпаққа мол әрі аса құнды мұра қалдырған Қасым Аманжолов ақын атамыз туған жерін осылайша өлең жолдарымен сүйіп өткен екен.

Туған жер ол біздің алтын бесігіміз, кіндік қанымыз тамған жер анамыз. Адамзатта екі ана болады: жарық дүниеге әкелген анасы және де осы дүниеде өз бауырында аунатып өсірген жер анасы, туған жері. Адам баласына туған жер, ел, атамекен, атажұрт, Отан деген ұғымдар жүрегіне жақын болып келеді.

Халқымыздың туған жерді ардақтау сезімі өте терең, олар үшін туған жерді қадір тұту – қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Ол өз перзентіне барын, нәрін береді. Әр адам өз туған жерін мақтаныш етеді, қадір тұтады. Туған жерге қызмет ету – әрбір азаматтың игі арманы, мақсат мүддесі. Ұлтарақтай болса да атақоныс жер қымбат – деген мақал әр адамның жүрегіне терең ілтипатпен алынатын мақал. Туған жердің табиғаты да бір ерекше. Сарқанның сарқыраған өзені, бұлбұлы сайраған, алмабағы жайнаған көктемі қандай әдемі. Қарасаң көзіңнің ұшы-қиыры жетпейтін таулары. Қарай берсең, беткей жағындағы алып жоталарда мыңғырған мал жайылып гүлмен бірге жайқалып, шүйгінге оранып жатқандай көрініс көз алдыңда. Менің туған жерім Сарқан ауданында 9 ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір кешуде. Олар еселі еңбектерімен, толағай табыстарымен аудан экономикасының дамып, өсіп-өркендеуіне үлестерін қосуда.

Қ. ЖАНАСБЕКОВ,

аудандық «Ардагерлер ұйымы» филиалының төрағасы.  

Мәліметпен бөлісу: