Туған жердің тарихы 

Биыл – Қазақстан халқы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы.   Осы орайда Наурыз мейрамын мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес аудандық кітапханада  “Туған жер – тұнған шежіре” тақырыбында әдеби –мәдени шара ұйымдастырылып, туған жеріміздің тарихы және елді мекендердегі киелі мекендер, орындар туралы аңыз-әңгімелер  ортаға салынды.

 «Жер шарының қай ендігі, экватордың қай белдеуінде жүрсең де қайта соғар, сағынышыңды басар темірқазығың – туған жер. Сонымен рухани байланысыңды үзбесең ғана, айдарыңнан жел еспек. Өйткені өзге топырақ, өзге ауа, өзге су оның орнын толтырмақ емес»- деген екен жазушы Шыңғыс Айтматов. Шын мәнінде  адамзат үшін ата қоныс ең қасиетті қоныс болса, туған жер – ата – бабадан қалған асыл мұра. Біз үшін де туған жерімізден қасиетті, одан киелі қоныс жоқ жер бетінде.

Қара тасқа қашалған қатпар-қатпар тарихы бар қазақ ауылдары қаншама? Түгін тартсаң түбінен көненің көмескіленіп қалған жақұтын көретін, неше ғасыр шаң басып жатса да, өзінің құндылығын жоймайтын қайран қара жер. Тарихтың шаңын бір сүртіп жіберіп, жарқыраған күйінде келер ұрпақтың алдына жайып беру – бүгінгінің парызы. Өткенін біліп, келешегін бағдарлаған жас өреннің сан ғасырлық тарихтың тереңіне бойлап, туған жерге деген сүйіспеншілігі одан ары арта түсетіні анық. Міне, сондай берекесі мен бірлігі жарасқан, ынтымағы тасып, өрісі өркендеген тарихы бір емес, бірнеше кітапқа жүк болатын Сарқан ауданы туралы осы басқосуда жан-жақты әңгіме қозғалды.

Жиында сөз алған  ардагер ұстаз Болатхан Есіркегенұлы бұл өңірдің табиғатын, киелі жерлерін, тарихы тұнған тау-тастарын өз сөзіне арқау етіп, оқырмандар сұрақтарына жауап берді. Кеш барысында өлкеміздің тарихы жайында танымын кеңейткен оқырмандарымыз туған жер туралы ән-өлеңдер тыңдап, рухани сусындауға мүмкіндік тапты.

Айсұлу Сейполдина,

аудандық кітапхананың әдіскері.

Мәліметпен бөлісу: