Қуаныш сыйлауға асығайық!

Адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды. Жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі «Мектепке жол – 2018» – жалпы республикалық қайырымдылық акциясын өткізу басталды.

Акцияның басты мақсаты аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жаңа оқу жылына дайындау  және олардың әлеуметтік себептермен мектепке бара алмауын болдырмау мақсатында көмек көрсетіп, мектеп жасындағы барлық баланың кедергісіз білім алуына ықпал жасау.

Осы акция аясында ағымдағы жылдың 14 тамыз күні – Сарқан аудандық кәсіподақ комитеті қаладағы Н.Островский атындағы мектеп-лицейінің аз қамтылған 2 оқушысына және Петропавловск орта мектебінің 1 оқушысына мектеп формасы, сөмке, оқу құралдары, киім-кешектер алып, көмек көрсетті. Жалпы қай уақытта да бала күлкісіне, қуанышына ештеңе жетпейді. Балаларымыз әркез бақытты болсын. Қашанда балаға қуаныш сыйлауға асығайық!

Е.Алинов,

аудандық мәслихат депутаты, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы. 

 

Мәліметпен бөлісу: