Әулиетас

Ана жылдары Екіаша мен Аманбөктер аралығындағы таңғажайып тас туралы естігенбіз. Жұрт жайлауға жаппай шығатын кеңестік кезеңде Ақсу, Сарқан аудандарының көші осы тастың маңайындағы қара жолмен өтеді екен. Сол бір кездегі көкейде қалған көріністі сыйлас бір ағамыз іздегісі келді. Біз Аманбөктер жағынан барып біраз жерді шарлап қайтқанбыз.

Биыл жаздың жаймашуақ айында Әулиетасты көрудің сәті түсті. Екіашадан Баянбайға баратын жолға түскенбіз. Шағын ауылға бұрылар тұсқа жетпей Үлкен Басқан кардонына қарай бұрылдық. Сол екі аралықта талай адам арнайы келіп басына түстеніп, тәу етіп, уақыт болса түнеп кететін Әулиетас көзге шалынды. Жақпар тастың бұл жерге адам қолымен емес Жаратылыстың құдіретімен орын тепкені анық. Бізді қайран қалдырғаны – бір жағына сәл қисайып тұрған құж жартастың тіреуі. Ол да әдейі келіп ұстын діңгегі ретінде қойылған жартас бағана. Ұстын мен жақпар тастың арасы күні кеше ғана орналастырылғандай біте қайнасып кете қоймаған. Жолбасшы орманшылар осы алып жартастың үстінде табиғи тас бесік барлығын әңгімелеп берді. Тау-тасқа еркін өрмелеп жүрген альпинист емес екендігіміз еске түсіп, қызығушылығымыз болса да жақпар тастың үстіне шығуға тәуекел ете қоймадық. Жолсеріктерімізбен бірге екі қабатты үлкен үйдей Әулиетастың қабырғасындағы тереңдеп енген алып адам ізіне қызыға қарадық. Жаратылыстың кереметіне еріксіз ден қойдық. Тылсым жұмбағын ішке жасырған Әулиетасқа келгендер төңірегіндегі тас бұлақтан сусындап, тамырын тереңге жіберіп, жапырақ-желегін жайған жеміс ағаштарына жыртыс жыртып іліп кетуді дәстүрге айналдырыпты.

Біздің көргеніміз осы. Білгіміз келетіні – Әулиетас жайындағы аңыздар мен әфсаналар. Осы жазбамызды оқығандар арасында туған жеріміздің тылсым сырын ішке бүккен Әулиетас жөнінде білетіндер болса редакцияға хабарласса дейміз. Бұл жақпар тастың астарында қандай құпия жатыр? Біз үшін, осы жердің тұрғындары үшін туған жердің тастары да қымбат!

Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: