Ынтымағымыз – ырыс, татулығымыз – тыныс

Жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІІ сессиясы өткен болатын. Алқалы жиынды ашқан ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев: – 30 жыл бұрын ғана халықаралық сарапшылар Орталық Азия, соның ішінде біздің Қазақстанның да жаңа қақтығыс ошақтарына айналатынын болжаған еді. Олар біздің өңірде қантөгістер мен күрестер жүріп жатады деп ойлады. Олар этно және діни сенім бойынша өзгешелікті алға тартты. Бірақ, тәуелсіздік жылдары біз-Қазақстан халқы бұл деструктивті болжамдардың бәрін жоққа шығардық. Біз бірліктің, ішкі саясаттағы прагматикалық бағыттың арқасында тарихтың барлық қақпанын айналып өттік, халықаралық жоғары дәрежеге ие болдық,-деген еді.

1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесін бар сән-салтанатымен атап өткен сарқандықтар осынау Елбасының сөзін тағы бір мәрте растағандай. М.Тынышпаев атындағы орталық алаңға жиылған жұртшылық бұл күні бір шаңырақ астындағы сан түрлі ұлттардың сүттей ұйыған тату тірлігін, береке мен бірлігін кезекті рет паш еткендей болды. 40 мыңның үстінде халық тұратын саялы өңір  бүгінгі таңда 20-дан астам түрлі ұлт пен ұлыстың кіші Отанына айналған. Бұл күнгі мереке бастауында сарқандықтар 10 жасты салтанатты түрде әскер қатарына шығарып салды. Күллі көпшілік алдында сап түзеген болашақ сарбаздарға Сарқан қалалық округ әкімі А.Орынбеков, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы, подполковник Т.Әлсеитов, аудандық Ауған соғысы ұйымының төрағасы Е.Тоқжігітов  жылы лебіздерін арнап, туған жер, өскен өңірге аман-есен оралуларына тілектестік білдірді.

Бірлік мерекесінің ресми шымылдығы аудан әкімі Марат Разбековтың құттықтауымен ашылды. Бүгінгі жеткен толағай табыстарымыздың барлығы Елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің әрі бірлігі жарасқан түрлі ұлттардың ортақ қалауы  арқасында мүмкін болғандығын тілге тиек еткен Марат Мелісұлы айтулы мерекенің бейбіт қоғамдағы айрықша мәнін айшықтады. Шара арнайы концертпен өзінің жарасымды жалғасын тапты. Аудандық мәдениет үйінің, Сарқан гуманитарлық колледжінің, қалалық білім шаңырақтарының ұжымдары әуезді ән, әсем бимен көпшіліктің көңілін көтерді. Шат-шадыман шаттық пен көл-көсір қуаныш кемерінен асқан бұл күн ұлттар арасындағы татулықты кезекті рет бекемдегендей болды.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: