Жаңғыру-біздің ең басты қағидамыз

Елбасымыз таяуда жариялаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Тәуелсіздік күніне орай ауылымызда « Сарқан аудандық тарихи мұражайының» салтанатты ашылу рәсімі өтті.  Биыл мұражай күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен болатын,келесі оқу жылында мұражайымыздың «Черкасск қорғанысына- 100 жылдық» тарихын атап өту жоспарланып отыр. Жүздеген жылдарға созылған тарих толқынында рухани жан-жақты жаңғыру, Елбасының орайлы ойын тірек етіп,өлкеміздің ерлікке толған тарихы -бүгінгі мақтанышымыз.

Ашылу салтанатына 9-11 сынып оқушылары, ауыл тұрғындары,ауданнан және облыстан келген қонақтар қатынасты. Оқушылар мұражай тарихымен, залдарымен және экспонаттарымен танысты.
1967 жылы «Черкасск қорғанысы» мұражайы ашылған.Осы жерде Черкасск қорғанының ерлікке толы күндері экспонаттар арқылы ұсынылған. 1973 жылы 12- шілдеде мұражай жанында Черкасск қорғанысының қаһармандарына арналған Даңк мемориалы тұрғызылды. Көкке талпынған құрыш пирамидалар халықтың өшпес ерлігінің мәртебесі болып көрінеді.

Мұражайда «Черкасск қорғанысы» экспонаттары, Ұлы Отан соғысына қатысқан қаһарман батырлардың суреттері, Мұхаметжан Тынышбаевтың қолжазбалары және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жазба кітаптары ұсынылған.

Ұрыс жүрген жерде бой көтерген ауылға да, мектепке де Черкасск аты берілген.Батырлар қорғаған ізгі мұрат бүгінгі күннің жасампаздық істерімен жалғасуда. Осы күндерге дейін мұражайдың жұмыс істеп тұрғаны – мұражайдың директоры Ракетская Екатерина Федоровнаның арқасы деп білемін. Бұл кісіге алғысымыз шексіз. Сарқан аудандық тарихи мұражайын жаңа экспонаттармен толықтыруда осы мұражайдың ғылыми қызметкері Төлеухан Жомартұлы Битимбиевтің сіңірген еңбегі зор.
Туған жердің тарихын білу.Өз еліміздің нағыз патриоты болу және барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып оқушылардың бойында елге, жерге деген Отансүйгіштік сезімін ояту,өскен ауылына, яғни туған жеріне деген сүйіспеншіліктен басталады.
Осы мұражайға жасаған саяхатымыз оқушылардың бойларында ішкі рухани қасиеттерін қалыптастырады деген ойдамын.

Сәуле БАКИЕВА,
Черкасск орта мектебі география пәні мұғалімі.

Мәліметпен бөлісу: