Жаңғырудың басты бағдаршамы

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы №637 Жарлыққа 19- ақпан күні қол қойды. Бұл күн еліміздің патриоттарының жүрегінде сақталуы тиіс. Қазақ халқы латын негізіндегі әліпбиге 77 жылдан кейін қайта оралды. Бұған дейін Орта Азияда латын негізіндегі әліпбиге көшпеген Қырғызстан, Тәжікстанның қатарында болатынбыз. Өткен жылғы 26-қазандағы Елбасы Жарлығына арқау болған әліпби қазақстандықтардың талқылауынан өтіп, кемшіліктерінен арылып, 32 қаріп пайдаланылуға ұсынылып отыр.

Маңызды мәселені талқылауға Сарқан ауданындағы зиялы қауым тегіс қатысты деуге негіз бар. Алдымен аудандық кітапханада бастау алған пікірталас барлық мектептерде, елді мекендердегі ірілі-кішілі жиындарда жалғасын тапты. Көпшілік Елбасының мақаласында көтерілген латын әліпбиіне көшу мәселесі өте өзекті әрі орынды екендігін атап көрсетіп, төмендегі уәжге тоқталды. Түркітілдес елдердің басым көпшілігі латынға көшкен. Сондықтан да түркітілдес елдер арасында қарым – қатынасымыз жақсарады. Ақпараттық технологиялар заманында ақпарат тарату мен алу да латын әліпбиінің ыңғайлы жақтары ескеріледі. Сондықтан жаңа әліпбидегі мәтіндерімізді насихаттау жолында электрондық оқулықтар шығарылады.

Білім және ғылым министрлігінің ұйғарымымен латын қарпіне көшу барысында алғашқыда «нөлдік» және бірінші сынып мұғалімдері даярлықтан өтеді. Содан соң латын әліпбиін бүкіл білім беру жүйесінде, мектептерге ендіру кестесі жасалынып, кезең – кезеңмен іске асырылады.

«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның коммуникацияның сондай-ақ, 21 – ғасырдағы ғылыми білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты» – деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу заман талабы. Осы мақсатқа қол жеткізу, соның жемісін көру үшін қолдау көрсету, әрбір жүрегі «елім» деп соққан қазақстандықтың абыройлы міндеті.

Жомарт ИГІМАН,

Сарқан аудандық мәслихатының депутаты.

Мәліметпен бөлісу: