Жас батырлар жеңіске ұмтылды

Еліміздің саяси-қоғамдық күнтізбесінде өзге атаулы мейрамдардан шоқтығы биік, жұлдызы жоғары – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қаламыздағы №1 мектеп-гимназия сан түрлі Отансүйгіштікке үндейтін көпшілік шаралар ұйымдастырып өткізді.

Соның бірі «Жас батыр» әскери патриоттық, спорттық сайысы. Мектеп басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мұрындық болып, АӘД пәнінің оқытушысы Айбек Қасымовтың тікелей ұйымдастыруымен өткен шара бір сәт 10 сынып шәкірттерінің ойы мен бойын ширатқандығы сөзсіз. Жас санитар, картоп аршу, Калашников автоматын уақытқа шашып-жинау, қол күрес, кермеге тартылу, кеуде көтеру сияқты шапшаңдық, ептілік, күштілік сынға түскен сайысқа аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Ерболсын Тоқжігітов, Сарқан политехникалық колледжінің АӘД пәнінің мұғалімі Ерболат Шерубаев әділқазылық етті. Оқушылар арасындағы достықты бекемдеп, шәкірттердің дене даярлығын жетілдіре түсетін, ең бастысы жас буынның патриоттық санасын қалыптастыратын сайыс тартысты өтіп, қорытындысында І орынды 10 «в» тобы иеленсе, ІІ орынға 10 «а» тобы көтерілді. Ал жүлделі ІІІ орынды 10 «ә» және «б» топтары бөлісті.

Бойда жастықтың бұла күшін байқатып, ойда ұлы ұғым-Отанға деген сезімді асқақтатқан сайыс барша қатысушылар мен көрерменіне көтеріңкі көңіл-күй, сергектік сыйлады.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: