Жас ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам

Қаңтардың 23-інде Елбасының қатысуымен Жастар жылы салтанатты түрде жария етілді.

-Баршаңызды Жастар жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам,-деп бастады Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев салтанатты жиында сөйлеген сөзін.

Елбасы осы жиында Үкіметке нақты тапсырмалар берді. 

Бірінші. Жас отбасыларға арналған баспана мәселесі ірі қалаларда өткір екенін ескере отырып, Үкіметке алдымен Астанада, Алматы және Шымкентте жұмыс істейтін жастар үшін жылына 1 мың пәтерден кем емес құрылысты қамтамасыз ету қажет. Бұл пәтерлер жалдамалы баспана санатына жатқызылуы тиіс.

Екінші. Жастар саясатының негізгі мәселесі жұмыспен қамту болып қала береді.

Үшінші. Қазіргі таңда өнерлі жастарды қолдау үшін белсенді жұмыс жүргізілуде. Қоғамда түрлі бағыттар бойынша креативті азаматтардың тұтас шоғыры қалыптасты. Бүгінде талантты жастарымызға селективті көмек көрсету үшін деректер қорын, жастардың зияткерлік банкін құру қажет. Мұндай қадам бізге болашақтың нағыз кристалдарын өсіруге мүмкіндік береді.

Төртінші. Жастардың күш-жігерін жасампаздық пен өз мүмкіндігін жүзеге асыру арнасына бағыттаған маңызды.

Бесінші. Біздің жас отбасыларына, олардың денсаулығы мен әлеуметтік инклюзивтілігіне қолдау көрсету саласындағы көзқарасымызды айтарлықтай өзгерту маңызды. Жастарды жаңа әлеуметтік рөлдері мен отбасылық өмірдің ыстық-суығына дайындау қажет. Мұны орта мектептердің жоғары сыныптарынан бастаған жөн. Ана институтының қолдауымен бірге әке институтын дамыту, жасөспірімдердің бойында өз отбасына деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру маңызды.

Мәліметпен бөлісу: