Жастай берген тәрбие – жас қайыңды игендей

“Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” дейтін ата-бабамыз ұрпақ тәрбиесіне жете көңіл бөлген. Ежелгі дәуірде ғұмыр кешкен ұлы ойшыл Аристотельден “Сәби ол – таза тақта, не жазсаң, соны оқисың” деген тәмсіл қалған. Жас шағынан дұрыс тәлім-тәрбие алған жастың барар бағыты айқын, жетер жетістігі көпке ортақ. Осыған орай Абай ауылында спортқа бейім балаларының қарым-қабілетін осы салада сынап көруге құлшыныс танытып жүрген ата-аналар көптеп саналады.

Абай ауылының тұрғындары орта мектептің спорт залында жаттығып жүрген балалары үшін арнаулы спорт кешені болса деп армандағалы қашан… Сондықтан ауылдың жігерлі жасы Бекен Жамантаев мектептің бос тұрған ескі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге батыл қадам жасағанда көп болып қолдай кетті. Араға айлар салып есік-терезесі жаңаланып, іргесі бүтінделіп, жылу жүйесі орнатылған спорт кешені талапты жастарға құшағын айқара ашты. Бұл да болса биылғы Жастар жылына және Тұңғыш Президент күніне деген абайлықтардың толымды тартуы.

-Аудандағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің филиалы осы Абай ауылында жұмыс істеуде,-дейді жаттықтырушы Қуаныш Қадырбаев. -Қол күресі секциясына қажетті спорт жабдықтары бұған дейін мектептің спорт залының бір бұрышында тұрса, енді күрделі жөндеуден өткен кешенде арнаулы жаттығу орнымыз болады. Кең күрес залы да жабдықталады. Алаңсыз жаттығып, болашақтағы ірі жарыстарда топ жаратын саңлақтарды тәрбиелеуге мүмкіндік тапқанымыз үшін ауылдастарыма алғыс айтамын.

Жөндеуден кейін жаңғырған ғимараттың ашылуына осы ауылдың жан-жақта жүрген түлектері, ауыл тұрғындары тайлы-таяғына дейін жиналды. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” дегендей көпшіліктің ықыласымен, қол күшімен атқарылған ауқымды жұмыс нәтижесіне дән ризашылығын білдірген Сарқан ауданының Құрметті азаматы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Садуақас Садықов бата беріп, Алмалы ауылдық округ әкімі Асқар Тұрғамбеков осынау қуанышты іс-шараға арнайы келген Қазақ спортының қайраткері Жақсыжол Көрпебаевтың иығына шапан жапты.

Ж.Мақатұлы.

Мәліметпен бөлісу: