Жастарға жарқын жол ашқан – Жастар жылы

Жалпы  жұрттың жалқы көрген жастары жалындайтын кезі жетті. Ел ертеңі – бүгінгі ұрпақ екенін үнемі жадында сақтайтын жастар Президентіміздің бағыт-бағдар берген сара жолымен ілгері басып келеміз. Қазіргі  таңда тәуелсіз  мемлекетімізде жастарға білім мен тәрбие беру, оларды барынша әлеуметтік тұрғыда қолдау, ел келешегіне өз үлесін қосатын азамат болып қалыптасуына барлық жағдай қарастырылған. Осы жыл – жастар жылы! Сондықтан,  жастарымыз тек қана «Алға!»  деген ұранды ту етіп, бүгінде тек алға ғана ұмтылуы керек.

Жастар жылының салтанатты ашылуына Президентіміздің өзі келіп қатысуы жастар үшін зор мәртебе, жалпы жастардың көңіліне жастар жылында атқарылар шаруалардың орындалатынына деген  сенім ұялады. Елбасымыз салтанатты жиында жастарды жан-жақты қолдауға бағытталған біраз шаруаны атқару керектігін айтып, өкіметке тиісті тапсырмалар берді. Соның негізгілері: Сапалы, қолжетімді білім; тұрақты жұмыс; баспана; отбасын құруға деген мүмкіндік.Елбасымыз өз сөзінде: “Бизнеспен айналысамын деушілерге жол ашу аса маңызды. Шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажет. Бұл жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын 100 мыңға дейін жеткізген жөн”-деп қадап айтты. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасына енгізілетін мамандықтар тізімін кеңейтілу ұсынылды.

Қазақта  «Жас келсе – іске» деген сөз бар, жалпы осы «Жастар жылында» Елбасының тапсырмалары ойдағыдай орындалып «Жастар жылына» бөлінген қаржы ырду-дырду көңіл көтеретін дүниеге емес, нақты іс-шараларға бағытталады деген сенім бар. Ақылды технология заманында ақыл да, тың идея да жастардан шығады. Ендеше, Жастар жылы – жастарға арналуы керек осы жыл жалаң сөз, жаттанды дүниеге құрылмай, жастардың нақты түйіткілдерін шешетін жыл болғай!

Д.Жарданбек,

Амангелді ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы, Амангелді БПҰ мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: