Жастар – біздің болашағымыз

Жастар жылының аясында аудандық мәдениет үйінде аудан мектептерінің мұғалімдері мен оқушыларының «Жастар-біздің болашағымыз» атты мерекелік гала-концерті көпшілік назарына ұсынылды. 

Алдымен аудандық білім бөлімінің басшысы Панар Иманғазиева биылғы оқу жылында республика көлемінде жүлделі орын алып, облыстық байқауларда топ жарған бір  топ оқушыларға аудан әкімінің Алғыс хатын, ХV Дельфийлік ойындары байқауының қорытындысы бойынша жүлде алған мектептерге бағалы сыйлықтарды табыс етті.

Аудандық балалар шығармашылық үйінің директоры Алтын Жаркенованың режиссерлігімен ұйымдастырылған гала-концерттегі  эстра-далық ән де, мың бұралған би де   көрермендер көңілінен шықты.  Айзада Мұсабаева оқыған “Жетім қыздың монологы”, Әли Келес  орындаған “Жаным қазақ”, ұлттық билерді   мың құбылтқан бишілердің өнерлері өрісін кеңейтетіні сөзсіз. Қойылымның ажарын ашқан өнерпаздар бірқатар номинация бойынша аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мәдени  іс-шараның қорытындысында сөз алған Алматы облыстық білім басқармасы қосымша білім беру ғылыми тәжірибелік орталығының аға әдіскері Гүлзира  Байшукова, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадыр Абдрахманов ұстаздар мен оқушылардың әсерлі концертіне ризашылықтарын білдірді.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: