Жазғы демалыс – жиын арқауы

Соңғы соңырау сыңғыры естіліп көптен күткен жазғы демалыс та келіп жетті. Ендігі жерде ата-аналардың, ұстаздардың жалпы барша мүдделі тараптардың алдында тұрған жауапты жұмыс ол әрине баланың  жазғы демалысын тиімді, ешқандай оқыс оқиғасыз ұйымдастыру. Бір ғана тосын жағдайдың ата-ана, мұғалім, мектепті былай қойып ауданға да абырой әпермесі айдан анық. Қара күйедей мұндай жайттың жыл бойғы ұжымдық жақсы жұмысқа кесірі тиері сөзсіз. Осындай  келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында апта басында жазғы кезеңде балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтыруды және жұмыспен қамтуды ұйымдастыруға арналған семинар-кеңес өтті. Аудандық мәдениет үйінде мұғалімдердің, мектеп басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының, психологтардың, ата-аналардың, аудандық төтенше жағдай, ішкі істер бөлімдерінің, орталық аурухана өкілдерінің, жалпы жазғы демалысқа жауапты қызметкерлердің басын қосқан кеңес жұмысын аудандық білім бөлімінің әдіскері Балғанша Акимбаева жүргізіп, жиналғандарды биылғы жоспарланған іс-шаралармен таныстырды.

Бұдан соң сөз тізгінін аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Г.Башаева алып мектеп жанындағы, қаладан тыс демалыс лагерлеріндегі санитарлық тазалық, азық-түлік қауіпсіздігі туралы сөз қозғаса, аудандық орталық аурухананың бас эпидемиологы Г.Төлеш балалардың жазғы тынығуына тікелей қатысы бар жандардың медициналық тексерістен өту тәртібін айтып берді. Аталмыш нысандарда жеткіншектердің алаңсыз тынығуында қарапайым өрт және суда шомылу ережелерінің сақталуы айрықша маңызды. Бұл турасында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Е.Тұрсынов жан-жақты баяндама жасаса, аудандық ішкі істер бөлімінің өкілдері А.Әбілханов пен А.Қожахмет  жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және балалардың қатысуымен болатын жол-көлік апаттарының алдын алу тақырыбында сөз қозғады. «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ұсынған демалыс түрлері де оқушы уақытын ұтымды өткізудің таптырмас мүмкіндігі. Бұл жайында ұлттық парк қызметкері М.Дүйсекенова мәлімет берді. Осы тақылеттес облыста, Республикада өткен жиынға қатысып келгендер де кеңесте сөз алды. Соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып тиісті тараптан жауаптар алды. Жиынды Балғанша Төлеутайқызы қорытындылап үш айлық демалыстың ойдағыдай өтуіне тілектестік білдірді.

Өз тілшіміз.

 

Мәліметпен бөлісу: