Жазықсыз жапа шеккендер

Тарих бетінде қастерлі күн саналатын «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» 21 жылдан бері тұрақты түрде аталып келеді. Елдігіміздің, отансүйгіштігіміздің деңгейін айқындайтын бұл қастерлі күннің соңына қалдырған сабағын жастарға үйрету–аға ұрпақтың парызы. Мамырдың 31-інде аудандық кітапханада «Жазықсыз жапа шеккендер» атты тарихи-тағылымдық кеш ұйымдастырылды.

 

Сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін тарихтың ақтаңдақтарын аршып, еңсемізді көтеріп келеміз. Елбасының сындарлы саясатының арқасында елге келген нәубеттің салдарынан атамекенінен алыстаған қандастарымыздың туған жеріне оралуына үлкен мүмкіндік туғызылып, қамқорлық көрсетілуде. Алғашқы сөз кезегін алған аудандық кітапхана әдіскері Айсұлу Сейполдина Қазақ тарихындағы қаралы жылдарды – 30-шы жылдардағы ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін кезеңдерінің зардабы мен салдарын қамтып, баяндама жасады. Бұдан соң жазықсыз жазаланған қуғын-сүргін құрбандары туралы шағын көрініс көрсетілді.
30-жылдардың өзінде-ақ жазықсыз жазаланған, саяси қудалаудың құрбаны болғандарды қоғамнан бөліп ұстау үшін Қазақстан лагерьлер өлкесіне айналдырылған еді.Сталиннің тұсында Қазақстанда Алжир, Карлаг, Дальный, Степлаг, Песчаный, Қамыслаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір, Өскемен сынды 11 мемлекеттік басқару лагері болыпты. Әкелері, аталары жазықсыз жазаланған Гүлнар Мұханова, Амангелді Әбілғапаров, Руфина Габайдулина, Сұлтан Бекбосыновтардың естеліктерінде әлі күнге дейін сағындырып жүретін ет жақындарының және олардың туыстарының тартқан тақсіреттері жан-жақты айтылды.
Тарихи –тағылымдық іс-шараға қатысқан аудандық «Сарқан» газетінің бас редакторы Жомарт Игіман, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Түсіпов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жәлел Құдияров қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбандарын әрқашан есте сақтап, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беру бүгінгі жастардың басты парызы екендігіне тоқталды. Жиынды аудандық кітапхананың директоры Гүлнар Мұхаметқалиева қорытып, іс-шараға қатысқан көпшілікке ризашылығын білдірді.
Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: