Жеңістің жетпіс үшінші көктемі

«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс!» Дәл осылай деп сыршыл үнді Сырбай ақын екінші дүниежүзілік соғысты жырлап еді. 1941 жылы 22 маусымда таңғы сағат 4.00 шамасында фашистік герман әскері  Кеңес Одағының батыс шекарасына тұтқиылдан басып кірді. Сөйтіп, адамзат тарихында қисапсыз қан төгілген сұрапыл соғыс басталды. 1418 күн мен түнге созылған қанды қасаптың қара таңбасы түспеген шаңырақ сірә да жоқ шығар?! Биыл сол соғыстың біз үшін Жеңіспен аяқталғанына 73 жыл.

Бейбітшілік деген ұғымның қадір-қасиетін ұқтырған осынау 9 Мамыр-Ұлы Жеңіс мерекесі дәстүрге сай биыл қаламыздағы «Жеңіс» саябағындағы мәңгілік алауға сарқандықтардың гүл шоқтарын қойып, соғыс құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алудан басталды. Құрмет шаралары орталық алаңда жалғасын тауып, жиналғандар алдында «Мәңгілік полк» шеруі сап түзеп өтті. Жеңімпаз жерлестеріміздің үнсіз бейнелеріне сарқандықтар тік тұрып құрмет көрсетті. Көпшілік қауымды аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков Жеңістің 73 жылдығымен құттықтап, ұрпақтарына бейбіт өмір, мамыражай тіршілік сыйлаған ардагерлерімізге алғысын жеткізді. Мерекелік шара барысында саптық әндер, соғыс жылдарындағы және әскери-патриоттық әуендер байқауы ұйымдастырылып, қорытындысы бойынша жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Жанқиярлық ерлік пен қайсар рухтың арқасында қол жеткізілген қасиетті, қасіретті Ұлы Жеңіс әрдайым жас ұрпақ есінде қала бермек.

Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңісінің 73 жылдық мерейтойы Лепсі ауылында да ерекше аталып өтті. Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған іс-шараға ауыл орталығының тыл және еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындары мен қонақтар елі мен жері үшін аянбай қаны мен терін төккен туыстарына тағзым етуге жиналды. Ауыл әкімі Гүлнар Серікбаева, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Түсіпов, өрт сөндіру мекемесінің басшысы Ерлік Омаров соғыс жайлы естеліктер айтып, жеңіс күні көкіректі кернеген ерекше мақтанышпен, бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге деген айрықша ризашылықтарын білдіріп, өздерінің жүректерінен шыққан ақжарма құттықтау тілектерін айтты.

Мерекелік шараға Лепсі ауылынан 30 ардагер қатысты. Жеңістің 73 жылдығы қарсаңында «Чернобыль апатынан зардап шеккендері үшін» Кашкенов Адилбай (марқұм) отбасына, Қасқарауов Кенже төсбелгісімен марапатталды. Шара мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюмен жалғасты. Ұлы Отан соғысының құрбандары мен марқұм болған майдангерлер рухына тағзым етіліп, бір минут үнсіздік жарияланды.

Жеңіс күні мере-кесіне арнайы Мешіт жамағатының де-меушілігімен «Айым» кафесінде тыл арда-герлері дастарханнан дәм татты және Геллерд отбасы өздерінің тәтті тағамдарын ұсынды.

Көршілес Көкжиде ауылында  Бөрлітөбе орман шаруашылығы директорының орынбасары Ертай Айтжановтың ұйымдастыруымен жыл сайынғы дәстүр бойынша Құдияр аталарының аруақтарына тағзым етіп, ас берілді. Артынша бәйге, көкпар, қыз қуу ойындары ойнатылды. Бәйгеде бірінші, екінші орынды Егінсу ауылы, үшінші орынды Көктерек ауылы қанжығасына байлап, жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар берілді.

Тағы бір атап айтатын жәйт, жақында ауылымызда «Lepsy Asar» қоғамдық қоры әлеуметтік қызметті жүргізетін қор құрылған болатын. Аталмыш қордың демеушілігімен ардагерлерімізге арнайы сыйлықтар, алғыс хаттар мен гүл шоқтары тарту етілді.

Жеңіс күні ауылда жоғары деңгейде аталып өтіп, халықтың көңілін көтерген ерекше мереке ретінде есте қалды. Ерліктің мәңгілік даңқы тағы бір мәрте жаңғырғандай болды.

Сондай-ақ ауданға қарасты Көкжиде ауылының Ерікті мектебінде тарих пәнінің мұғалімі Мөлдір Жексембекқызының ұйымдас-тыруымен оқушыларға арналған «Ұрпаққа ұран болған – Ұлы Жеңіс» атты тәрбиелік-танымдық кеш болып өтті.

Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Халықтың бейбіт өмірі үшін ондаған мың аталарымыз көз жұмғаны белгілі. Жауқазындай жайқалған Әлия мен Мәншүк сынды қыздарымыз ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, қыршынынан қиылды. Сондықтан Ұлы Жеңіс мерекесі жер бетіндегі адамзат баласының ұлтына, дініне қарамастан ортақ мерекесіне айналды. Себебі, бұл қастерлі күн, қан майданда толарсақтан қан кешкен Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов сынды аталарымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған сыйы, аманаты деп білеміз. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Айтулы шараға Лепсі ауылының әкімі Гүлнар Серікбаева, Сарқан ауданының Құрметті азаматы, тыл ардагері Алипов Жанайдар аталар тарих жайлы көкейде жүрген ойларын ортаға салды.

Тарихи кешті оқушылардың сахналық көріністері, монологтары, патриоттық әндері, флешмоб билері көркемдеді. Кеш қонақтары алғыстарын білдіріп, қуанышпен тарқасты.

Өз тілшілеріміз.

Мәліметпен бөлісу: