Жолдау жаңа міндеттер жүктейді

Күні кеше ғана жұртшылыққа жол тартқан Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы жер-жерде қызу талқыланып жатыр. Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен мәні зор жиын алдағы міндеттерді белгілеп, атқарылар жұмыстарды айқындауымен құнды болды.  Аудан активінің жиналысына аудан әкімі Талғат Қайнарбеков төрағалық етіп, отырысқа аудан әкімінің орынбасарлары, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен мүшелері, мәслихат депутаттары, білім және спорт саласының өкілдері, аудандық бөлімдердің және құқық қорғау органдарының басшылары, қала және ауылдық округ әкімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Мәжіліс Жолдауда белгі-ленген тапсырмаларды іске асырудағы ауданның атқарушы органдарының жұмысы туралы мәселені өзегіне арқау етті. Мемлекет басшысының Жолдауындағы кейбір бағыттар бойынша өз пікірлерін білдіру үшін түрлі сала өкілдері сөз алды. Алғашқылар қатарында сөз алған аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыл Жанасбеков маңызды құжаттың ел өміріне енгізер бірқатар өзгерістерін тілге тиек ете келе Жолдау жүктейтін жұмыстарды жүзеге асыруға аймақтың аға буын өкілдері де ат салысатындығын жеткізді.

Ойларын ортаға салған Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінің мұғалімі Мақсат Смаков, аудандық мәдениет үйінің қызметкері, Сарқан ауданының құрметті азаматы Гүлжан Қисабекова білім мен ғылымға, мәдениет салаларына жолдаудан желі тартқан қамқорлық пен қолдау турасында пікір білдірді. Әлемді жайлаған коронавирус дерті еліміздің денсаулық саласы үшін зор сынақ болғандығы белгілі. Президент алдағы жаңа жағдайларға дайын болуымыз үшін денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлу керектігімізді баса айтты. Сондай-ақ уақыт ұттырмай індетке қарсы екпе алудың маңыздылығына тоқталды. Өңірімізде де бұл бағытта бірқатар шаруалар атқарылған. Екпе алуға тиісті 19 мың жанның қазіргі таңда 14 мыңы вакцинаны салдырған. Бұл тиісінше 74 % құрап отыр. Тиісті жұмыстар әлі де жалғасын табуда. Бұл жайында аудандық орталық аурухананың онколог дәрігері Жұмабек Тасыбеков айта келе індетпен тиімді күресуде карантиндік шараларды қатаң сақтауға шақырды. Жиын барысында аудан әкімі Талғат Қайнарбеков алда атқарылуы тиіс жұмыстарды айқындаған баяндама жасады.

– Мемлекет басшысының Жолдауында біздің алдымызға 7 нақты міндет қойылған. Біздің ендігі міндетіміз – жұмысты жалғастырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру болып табылады, – деген Талғат Қанатұлы өңірімізге инвестиция тарту, кәсіпкерлерді қолдау, бағаны тұрақтандыру бойынша түсіндіру – насихаттау жұмыстарын жүргізу, ауыл шаруашылығын дамыту, цифрландыру саясаты, денсаулық, білім беру салаларының тиімділігін арттыру, өңірлік саясатты жетілдіру, саяси жаңғыру, ұлтаралық ахуал сынды бірқатар маңызды мәселелерге кеңінен тоқталды. Отырысты қорытындылаған Талғат Қанатұлы аталған мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасарларына, мекеме, бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, жауапкершілік жүктеді.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: