Жыл үздіктерінің жүзі жарқын

Жыл сайынғы игі дәстүрге сай жуырда аудандық мәдениет үйінде өңір басшысының «Жыл үздігі-2019» жастар сыйлығын тапсыру салтанаты өтті. Мақсат аймағымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосушы жастарды елге таныстыру, сала майталмандарының мерейін өсіру. Шараны аудан әкімі Марат Разбеков құттықтау сөзімен ашып, қай қоғамда болмасын қозғаушы күшке ие жастардың рөлін өз лебізіне арқау етті.

Келешегінен зор үміт күттіретін әрбір саланың  үздігі салтанатпен ортаға шақырылып, Марат Мелісұлының қолынан марапат алды. Сонымен сала үздіктерінің есімін ел білсін. «Үздік жас дәрігер» – аудандық орталық арухананың хирургия бөлімінің хирург-травматологы Шульгин Ярослав Владимирұлы, «Үздік волонтер» – Сарқан гуманитарлық колледжінің 3 курс студенті Сейтнұр Темірлан Нұрғазыұлы, «Үздік жас спортшы» – Республикалық, облыстық чемпионаттардың жеңімпазы Қасым Әсем Тлеубердіқызы, «Үздік жасыл ел сарбазы» – Сарқан гуманитарлық колледжінің 4 курс студенті Сембек Жарас Ерболұлы, «Үздік жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы» – Шатырбай ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Смаилханов Айбек, «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» – Черкасск ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Әскербек Тілеужан, «Үздік жас өнерпаз» – «Жас Дарын», «Дала сазы», «Үркер» Республикалық байқауларының жеңімпазы Смағұ-лова Жангүл Аханқызы, «Үздік студент» – гуманитарлық колледждің 3 курс студенті Айқын Үміт, «Үздік жас әскери қызметкер» – аудандық полиция бөлімінің қызметкері Абраим Аслан Ауасбекұлы, «Үздік оқушы» – Екіаша орта мектебінің 11 сынып оқушысы Дастанқызы Айдана, «Үздік жас маман» – жастар арасындағы республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы Салимбеков Ануар Бердібекұлы, «Жас чемпион» – сан түрлі жарыс-тардың жүлдегері  Төлеухан Досжан Берікұлы, «Үздік жас ұстаз» – Абай атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Төребек Сандуғаш Бауыр-жанқызы. Осылайша он екі аталым бойынша айрықшаланған жастардың көпшілік алдында мерейлері тасып, абыройлары асқақтады. Ертеңгі ел тірегі атанар жастарға сүйсінгенде жыр Құлагері – Ілияс Жансүгіровтың «Жас мұраты, білім, тәлім — талабы… Өнер, оқу — жастықтың қару-жарағы» дегені еріксіз ойға оралады.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: