Жылыту маусымы аяқталды

Сәуірдің 16-сында аудан әкімдігінің мәжіліс залында Сарқан қаласы және ауылдық округтердің әкімдері, облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудандық басқарма, кәсіпорын, мекеме басшылары, Сарқан қаласында орналасқан мектептердің директорлары және балалар бақшаларының меңгерушілері, «Сарқан Су құбыры» және “Сарқанжылу” кәсіпорындарының қызмет-керлерінің қатысуымен жиын өтіп, онда «2017 –2018 жылдардағы жылыту маусымының нәтижесі және 2018 – 2019 жылдардағы жылыту маусымының міндеттері туралы” мәселе қаралды.

Жиынға аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков  төрағалық етіп, күн тәртібіндегі мәселенің маңыздылығына тоқталды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Жомарт Мыңбаев есепті баяндама жасап, атқарылған жұмыстарды көпшілік назарына ұсынды. Жарыссөзге «Балдырған» балалар бақшасының меңгерушісі Гүлнар Іргебекова, «Сарқан Су құбыры» кәсіпорнының директоры Аманжол Шайхұлы, көп қабатты үйдің тұрғыны Гүлзат Арғынқанова  шығып, жылыту маусымының барысын сөздеріне арқау етті.  Сондай-ақ күннің суық болуына байланысты ауыз су жүйелерінің қатып, бірқатар тұрғындардың сусыз қалғандығы өзара сын ретінде атап көрсетілді.  Жиын төрағасы биылғы олқылықтар қайталанбай,  алдағы жылыту маусымын сапалы өткізу үшін дайындықты қазірден бастаудың қажеттігіне жиналғандардың назарын аударды.  Барлық қажетті шараларды қолға алуды жеделдету әкімдерге, мекеме басшыларына зор міндет жүктейді. Күні ертең жылыту маусымы басталған шақта күтпеген жерден қиындықтар туындап қалмауы үшін олар қарауындағы аумақтары мен салаларының қандай осал тұстары барлығын қазірден бастап зерттеп, зерделегені орынды.  Энергия таратушы мекемелер жүктемелерді есепке ала отырып, апатсыз режимде жұмыс істеуі тиіс. Сол сияқты сатып алынатын отынның сапалы болуына да назар аударуды ұмытпау керек. Ерғазы Қошанбекұлы сөзінің қорытындысында әлеуметтік сала нысандарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарын және 2018-2019 жылғы жылыту маусымына қажетті басқа да шараларды уақытында сапалы аяқтауды тиісті мекемелерге тапсырды.

Жиын соңында «Сарқан Су құбыры» және “Сарқанжылу” кәсіп-орындары басшыларына қызметтік көлік кілті табыс етіліп,  2017-2018 жылдардағы жылыту маусымының өтуіне жауапкершілікпен қараған бір топ қызметкерлер аудан әкімінің алғыс хатымен, бағалы сыйлығымен марапатталды.

 

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: