«Қазіргі жастардың сөйлеу мәдениетіндегі тілдік қолданыс»


Мухаметкали Самал Хусайынқызы,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
педагогика ғылымдарының магистрі
Жетісу облысы, Сарқан ауданы, Қарабөгет ауылы


«Әл-Фараби атындағы орта мектебі МДШО бар және Еркін бастауыш мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесі»

Жастық шақ рухани қор жинау кезеңі. Оған көп нәрсе үйрену керек пе? Керек. Білім қажет пе? Қажет. Жақсыдан ғибрат, оны көкейге түюге тиісті ме? Тиісті. Осының бәрін ескере отырып, жаcтарымыз сөйлеу мәдениетін сақтап, өзге тілдегі сөздерді шұбарлап, өз тілімізді талан-таражға салмаудың амалын қарастыруы тиіс. Ол үшін, біріншіден, отбасы, яғни ата-аналар балаларының сөз әдебіне, тіл мәдениетіне мән беріп, сөйлеу әдебін қадағалап отырса. Екіншіден, ортаның әсері, айналасының, достарының дөрекі сөздерінің әсері үлкен. Сондықтан адам ондай ортадан үнемі аулақ ұстап отыруы тиіс. Үшіншіден, көркем әдебиетті оқуға деген оқушылардың қызығушылығын арттырудың жолын қарастыру. Ұлттық тілді жүрегінде от жалыны бар, отаны үшін жанын пида етуге әзір, кеудесінде ұлттық рухы бар қазақ қана қадірлеп, қастерлей алады. Қазіргі жоғары оқу орнының негізгі мақсаты студенттің білімін, біліктілігін, дағдысын қалыптастыруға қол жеткізу ғана емес, ұлттық тәрбие негізінде қоғамның белсенді азаматын, жоғары мәдениетті кәсіби маман тұлғасын қалыптастыру. Қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, гуманитарлық білім беруді күшейту, білім сапасын көтеру және студенттердің оқу-тәрбие үрдісіне қарым-қатынас сипатының өзгеруі кәсіби білім беру жүйесіне түбегейлі өзгерістер қажеттілігін туғызуда. Яғни, әрбір ел басқаратын, қоғам болашағы үшін елге қызмет жасайтын әрбір жас өзінің ана тілін ерекше құрметтеп, тіл тазалығын сақтап, кәсіби тұрғыда мәдениетті сөйлей білуі қазіргі заман талабы, әрбір адамзат міндеті екенін ескеруіміз қажет. Ана тілін жақсы білетін бар қазақтың міндеті жаһандану заманында қазақ болып қалу үшін ата бабамыз қалдырған ұлт тіліндегі сөз жауһарларын ұмытпау, жастардың тіліне дарыту, олардың сүреңсіз сөз қолданыстарына бақылау жасау, кейінгі ұрпаққа бұзбай табыстау.
Тіл байлығы — сөз байлығы. Ал сөз байлығы әр адамның лексикасындағы қолданылатын сөздердің санымен байланысты болғанымен, негізгі байлық – ой байлығы. Сөздерді қиюластырып, ойын әдемі де әсерлі жеткізе білу де – өнер. Сөз қолдану мәдениетін арттыратын негізгі шаралардың бірі — тіл тазалығы. Тіл тазалығы дегенде, ең алдымен ойымыздың, сөзіміздің бөтен, жат элементтермен араласпауы талап етіледі.
Тіл мәдениеті дегеніміз – адамдармен тілдік қарым-қатынас негізінде жазбаша және ауызша тілді игеру деңгейі. Ол жалпытілдік норманың сақталуымен, тілдің мазмұндылығымен, ойлылығымен, лексикалық байлылығымен, көркемдігімен әрі мәнерлілігімен сипатталады. Жалпы тіл мәдениетіне қатысты анықтамаларды қарастырып отырсақ, тіл мәдениеті дегеніміз сыпайы, ізетті, сауатты сөйлей білу мен жаза білу және сөзді дәл айта білу, оны орнымен, әсерлі етіп қолдана алу шеберлігі.
Тіл мәдениетінің басты мәселесі – тілдік құралдардың көмегімен қарым- қатынас жасау барысында адамға ықпал ету. Яғни, тілдің эстетикалық әсер етуіне басты назар аударылуы қажет. Демек, әркімнің жүріс-тұрысында, жалпы болмысында мәдениетті болуының қажеттігі сияқты сөйлеу, жазу үстінде де адамның әр сөзді, сөз тіркесі мен сөйлемді тиісті мағынасында ғана емес, соған қоса тартымды, әсерлі қолдана білуі кең мағынадағы рухани мәдениеттіліктің бір саласы ретінде қаралуы тиіс.
Абай тегін айтпаған. Ана тілінің сөз байлығын игерген, сөз құдіретіне түсінген, тіл тазалығында өзіне де, өзгеге де талап қоя алатын адам тіліміздің тазалығына, сөзді қалай болса солай қолдануға жол бермейді [2, 5]. Үлкен кісілер «сөздің құдіретінен» қорқып, ауыздан шыққан әрбір сөзге абай болып, ойланып барып сөйлеген. Абай атамыз: «Сүймек, сезбек, кейімек, харекет қылмақ, жүгірмек, Ақылмен ойлап сөйлемек…», – дейді. Ал қазірде керемет бай, көркем, әдемі тілімізден жұрнақ та қалмай бара жатыр десек, шатаспағанымыз. Неге? Себебі бүгінде біздің қатарластарымыз мүлдем батыстанып барады. Қазіргі жаҺандану заманында батыстан келіп жатқан тоқтаусыз ақпараттар легі жастардың тіліне қатты әсерін тигізуде.

Мәліметпен бөлісу: