Баубек батыр

Қай халықтың болса да ең маңызды ескерткіші – оның басынан өткен тарихы. Сол өткенімізді әлі күнге дұрыстап тани алмай, енді ғана ақ-қарамызды айырып, ақтаңдақ қалған жерімізді анықтай бастадық. Кезінде ел санасын оятқан, қазақтың елдігі мен теңдігін, тәуелсіздігі үшін «Мың өліп, мың тірілген» қайсар халқымыздың басынан кешкен, өткенін нақтылы шындық тұрғысынан айтылмай, оны зерттеп, зерделемей жүргендігіміз ақиқат. Қазақ халқының өткен тарихын білу әрқайсымыздың міндетті борышымыз болу керек. Осы тұрғыдан айтар болсақ, әр аудан, әр өлке, аймақ өз топырағынан шыққан алаш арыстарын ардақтап, насихаттап отыруға тиісті. Біз сөз еткелі отырған «Қорған, қалқан болған жеріне, айбар, ұйытқы болған еліне» Баубек бабамыз ерекше жаратылған дара тұлға. Бабамызға 1996 жылы 13-ші қыркүйекте «Басқан» ауылының орталығында бірнеше қазақ үй тігіліп, ат шаптырылып үлкен ас берілді. Батыр бабамыздың рухына құран оқылды. Құмжарғандағы кесене басына есімі жазылып, туған дүниеден өткен жылдары белгіленіп, зәулім ескерткіш тас қойылды. Басқан орталығынан көше аты берілді. Қор жиналмаса да, осы игі істің бәріне, батырдың ұрпағы десе дегендей Иманбердіден тараған Жүнісұлы Қажекен марқұмның, Дәулеттен туған Төлеген және Алмалының ақсақалдарының атынан Күшікбаев Жабайхан сынды азаматтар үлес қосты. Осы астан көнекөз қариялардан батыр туралы дерек жинадым. Баубектің ата тегін, әкесіне арнаған қызының жоқтауы, Қамқа қыздың аузынан айтылған ата-руларға берілген бағалы сынын жазып алдым.

Енді алдымен Баубек батырдың ата-тегінен сөз етер болсақ: Садырдан, Тоң, Шүйе, Шәржетім, Шәржетімнен Аманкелді, Қарт, Қарттан Тоқтауыл, Бадана, Борсақ, Баданадан Көлбай, Есперлі, Саты, Есперліден төртеу тарайды. Тілес, Жақсылық, Жәнібек, Шыбық. 3-ші атасы Жәнібектен – Жаманқұл, Бақай туады. Жаманқұлдан Мырза, Мырзадан Мырзаұлы Баубек (1843-1914). Батырдың бәйбішесінен – Омар, Оспан, қызы Қамқа. Тоқалдан – Тоқтарбек, Жұмабек, Өрік атты қызы.

Омардан – Иманберді, Иманғали (соғысқа кетіп оралмады), Иманбердіден – Нұқыш, Жүніс, Дәулет. Нұқыштан – Баянбек, Мейренбек, Тілеубала. Жүністен – Қажікен, Дәулеттен – Әмірхан. Әмірханнан – Төлеген. Тоқтарбектен – Қаһарман, Қаһарманнан – Ыдырыс тарайды. Осы аталған ұрпақтарының көбі Сарқан өңірінде тауда тұрады. Мырзаның Баубегін көргендер: Бөбекбай келіні Мерекеқызы Разия, Жұманұлы Сансызбай, Смағұлұлы Алданбектер: «Батырдың түр-тұлғасы өте ірі денелі, қасы қалың, ат жақты, айбарлы басының өзі кішігірім қазандай,  қамшыгер, парасатты, ақылды батырдың алыбы, асқан ер еді» дейді. Оның алайып бір қарағанынан ояз бен ақ казактар жым болатын көрінеді. Өзін «Салпаң» деген атынан басқа ат көтере алмайды екен. «Салпаңы» талай ат бәйгелерге қосқан, өте жүйрік тұлпар көрінеді. Баубекті көрген, қасына атқосшы болып ерген Білісбай, Әбдіғали деген аталарымыздың айтуынша, бір атақты байдың ашынған бурасын бұзау тіс қамшымен бір салғанда бураның басын қақ айырыпты. Тағы бір үлкен жиында өгіз терісін төрт жігітке төрт жағынан кергізіп Баубек батыр қамшымен ұрғанда теріні пышақ кескендей қақ бөлген. Батырдың асқан қайратты, қамшыгер болғандығы көп айтылады. Найманның қара шаңырағы болып кетіп батырдың өзі шыққан аз ғана Шәржетім елінің басын құрап біріктіріп, түтін саны жеткендіктен, төңкерістің алдында, Шүйеден бөліп, Шәржетімді жеке бір болыс ете білді. Баубек батырдың жерін, елін қорғаудағы ерлігі, әділдігі, ақылды басқара білген, тура билігі туралы ел аузында көп айтылады. Бұған көбінесе Жантайдан шыққан Ерімбайдан тараған бүкіл әулетімен көпес, әм қажылар атанған Сиқымбай байдың қажы, молда, сопы болған балалары мал-жанымен билікке араласып болыс бола жүріп көмек қолын беріп, бірге басқарысып отырған. Шәржетімнен алғашқы болыс болған Сиқымбай, Хасен қажы, Қасым қажылар еді. Соңында баласы кеңес өкіметі бұлардың соңғыларын бай, қажы, молда, сопы деп қудалауға, қуғындауға ұшыратқан. Баубек батырдың ата-тек шежіресінде айтылғандай Омардан тараған ұрпақтары өсіп, өнген. Әсіресе батырдың ұзатылған қызы Қамқа деген ақылды, дана болған көрінеді. Ерте ұзатылған ақылды қызының әкесі қайтыс болғандағы азалы жоқтауы сай-сүйегін сырқыратарлықтай өте ауыр. Шәржетім ішінен шыққан ата-руларға берген сын-бағасы да керемет нанымды.

Ақылды Қамқа қыздың әкесіне шығарғаны:

«Әуелі де құдай жаратты,

Мырзаны артық басында

Мырзадан туған әкекем!

Бір өзі мың кісіге жараған.

Омар, Оспан тұрды қасында,

Омар онға келген соң

Құр қалмаған санаттан

Шәржетім мен Шүйеге,

Өсиет айтып таратқан

Нағашысын сұрасаң,

Қосай, Досай қаракөк.

Екі асылдан тараған.

Қайраты артық асыл тек.

Әкекемнің барында

Тас қорған еді-ау біздің шен.

Тас қорғаным бұзылды,

Көтерген Алла тұзымды.

Өлерін әкем білген соң

Жастай бердің қызыңды»-деп өзінің ерте, жастай ұзатылғанын да айтады. Қамқаның тағы да осы жоқтауында ел арасындағы игі жақсыларын да, жамандарын да айта кетеді.

… Жақсыбек молда бек абзал

Айдыннан ұшқан қу екен.

Матайға Садыр теңелген,

Ол да әкемнің буы екен.

Орысқа шағып әкемді,

Әбділда деген қу екен.

Шәржетімнің биі екен,

Қалибек пен Нұрабай.

Әкекемнің тұсында,

Маздап жанған шырақ-ай!

Білісбай батыр жақсы, талапты.

Мал шіркін жүр құралмай

Иманды болғын әкекем!

Бейіште болған тұрағы-ай» дейді.

Бұл жерде аттары аталып отырғандар Жақсыбек молда Сиқымбай қажының ұрпағы, айдындағы қуға теңеп отыр. Енді Әбілда дегені Қасым болыстың старшыны екен. Оны өтірікші қуға теңеп тұр ғой. Қалибек пен Нұрабай дегені Қалибек – Күшіман батырдың ұрпағы. Күшіман батыр атаның ағасы. Нұрабай – Тілес атаның баласы ақылды би болған. Білісбай деп отырғаны Айттың Білісбайы. Әулие атамыздың ағасы Түгелдің ұрпағы. Ерекше бір айтарымыз, тағы да Қамқа қыздың жоқтауындағы Шәржетімнің ішіндегі әр ата руларға берген сыны керемет.

«Тоқтауылға ілессең, көшке ілесіп жүріп, шөлге қаласың!

Назарға ілессең, көлдей шалқып жүресің!

Жаманқұл, Бақайға ілессең, «Ойбай! Аттан!» көресің!

Балтайға ілессең, қанға малынған қызыл тақия киерсің!

Базар Досқа ілессең, сорпа қалқып жүрерсің!-деген мысқыл аралас сынды да Қамқаның айтқаны деп, Баубек батырды өз көзімен көрген білетіндер Бабыжанұлы Хаметжан атамыз сұңқылдатып айтып отыратын. Менің әжем айтып отыратын, көргенін ұмытпайтын, шарапаты мол, сөзге шешен, зерек жан еді. Өзі Асау бидің ұрпағы Мереке қызы Разия Баубек батырдың ерліктерін, Қамқа қыздың жоқтауын, Тәуіп бабамыздың әулиелігін, Иманды сәлпенің ғұлама діндарлығын, Сыйқымбай қажының бүкіл шежіресін, ата-тегін, бүкіл әулетімен қажы, сопы, молда болғандықтарын, өзінің Көшербай ұлы Бөбекпай сопының келіні болғандығын, атасының атын атамай әсіресе бата-бабиқасын көп алғандығын айтып, маған жеке-жеке әңгімелеп зердеме құйып ұқтырып отыратын.

Баубек батыр қазіргі Басқан маңындағы Иманды кәлпе қорымына жерленді. Мырзаның Баубегі туралы халық аузында сақталған әңгіме көп. Баубек еліне, жеріне қалқан, қорған болған батырдың соңғы, текті асылы. Халқының елдігін сақтаған, сөз намысын қорғаған ерекше қадірлі арысы. Өмірден өткеннен кейінгі Баубектің қасиеттілігі, киелілігі ерекшеленген үлкен етіп кірпіштен салынған кесенесіне түнеген жандар, әсіресе безгекпен ауырғандар айығып жазылып отырған. «Аруағын сыйлаған, ел азбайды» – дегендей тірісінде елі аса құрметтеген арысымызды ұмытпайық, есімін жаңғыртып отырайық.

Қағазбек НАМАЗБЕКҰЛЫ,

зейнеткер, ұстаз.Ақсу ауданы.   

Мәліметпен бөлісу: