Гендерлік теңдік және әйелдер құқығы

Соңғы жылдары дүниежүзі бойынша әрбір мемлекеттің тұрақты дамуға қол жеткізу үшін қоғамда гендерлік теңдік орнату және төзімділік мәселелері өзектілене түсті. Әйелдер қозғалысы барлық елдерде қоғамдық-саяси сипаталып, өз ықпалын күшейтуге бағытталды. Олар гендерлік әділеттілік қағидасын басты ұстаным ретінде басшылыққа ала отырып, мемлекет пен қоғам өміріндегі әйелдер мен ерлер рөлінің арақатынасын теңестіруді мақсат етеді. Бұл, әсіресе, билік саласындағы қатынастарды қамтиды. Сол себепті, саяси билік жүйесінде гендерлік теңдікті қалыптастыру мәселесі әйелдерге деген дәстүрлі көзқарастарды қайта қарап, прогрессивті заңдылықтарды ескеруді талап етеді.Жалпы, әйелдердің құқын қорғау мәселесі тарих барысында қоғамдағы әйелдерге деген көзқарас, күш көрсету, құқығын таптау, ер адамға бағыныштылықта ұстау сияқты мәселелерге жауап ретінде көтерілгені мәлім. Біртіндеп әйелдердің проблемасын заң жолымен шешу тәжірибесі қалыптасты.

Гендерлік теңдік адам құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Дүниежүзі халқының жартысын әйел заты құрағанымен, қоғамда толыққанды тепе-теңдік орнауы үшін алда біраз белесті еңсеруге тура келеді. Өйткені әлі күнге дейін гендерлік теңдікке қол жеткізу, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін арттыру әлемдік проблема болып тұр. Қазақстанның Конституциясы адамды жынысына қарап кемсітуге тыйым салады. Соңғы 14 жылда осы бағытта бірқатар стратегия мен заң қабылданды. Атап айтсақ, 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының гендерлік теңдігі стратегиясы әзірленіп, 2009 жылы Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заң қабылданды. Бұған қоса 2016 жылы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік сая¬сат тұжырымдамасы жарияланды. Гендерлік тепе-теңдік пен адам капиталын дамытуға, отбасы құндылығын нығайтуға бағытталған осындай бастамалар жиі жүзеге асырылып жатқанымен, әлі де болса қоғамда аталған мәселе шешімін таппай отырғаны рас. Жалпы, қазіргі кезде қоғамның барлық саласындағы жұмыстарға әйелдердің араласуы үйреншікті жағдайға айналған. Яғни, жұрт жұмыстың қай түріне болсын, «ердің күші, әйел ісі» деп қарап жатпай, кірісіп кетеді. Осыдан келіп отбасын асырау міндетін әйелдер де мойнына алып, жауапкершілік жүгін ерлермен теңдей көтереді. Бірақ қашаннан шаңырақтағы жылылықтың ұйытқысы болып келген әйел затының үйішіндегі орны лайықты бағаланбай, кемсітуге тап келетін жағдайлар да кездеседі.  Сондықтан күйеуінен теперіш көріп жүрген әйелдің қоғамдағы теңдігінен бұрын отбасында мендігін қалыптастыруды жиі насихаттаған дұрыс. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп, айналасын үйлестіріп, жарастырып отырған әйелдің өзіне тең дәрежеде, зор құрметпен қараған абзал. Алыс-жақын ағайынды, көрші-қолаңды тату ету арқылы қоғамның ынтымағын сақтауда, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде әйелдің ерекше орнын білу – қазақта бұрыннан бар идеология. Тек осы құндылығымыздың құрып кетпеуіне жол бермеген жөн.

   А.Кульжигитова,

                                                      Сарқан аудандық сотының бас маманы.                                                 

Мәліметпен бөлісу: