Қанатты ақыннан қанатты жырлар туады.Туған бетте байыз таппай көкті шарлайды, оқырмандарын да шаттыққа бөлейді.Ол өлеңдер әрбір қараған сайын жаңа көрінеді, бұрын оқылмаған шығармадай тың ойлар тудырады.Мұндай ақынның,әрине,бастауын таудан алып,төскейдегі армандас мың бұлақтармен қосылып буырқана ағатын лепті өзендей ағысымен,ағынымен естен кетпейтін қуатты жырларына ден қоймай тұра алмайсың…Менің қиялымның Бауыржан Жақыптың кітаптарын парақтағанда бөлмеге сыймай, шартарапқа алып ұшатыны сондықтан болар.
Бүгінгі таңда сағымға, сағынышқа айналған студенттік жылдарды ұмыту мүмкін бе? Сол бір кезді еске алғанда жастықтың жасыл орманын бірге аралаған мақсаттас замандастарыңның кескін-кейпі көз алдыңа келе қалады.Бізден кейінірек КазГУ-ге түскен талантты толқынның арасында «Қолтаңба»,»Ұршық» атты өлеңдерімен-ақ өз қолтаңбасын айқындаған Бауыржан Жақыптың бітім- болмысы дараланып көрінеді.
Университеттен соң өзіме сыралғы аудандық газетке бардым да тұрақтап қалдым.Дегенмен аңсарым ару Алматы,ай аралатып әдеби-мәдени шараларға қатысуға уақыт табамын да жас ақындардың ортасынан табыламын.Сол жылдары Бауыржанның жүрек бұлқынысынан туған өміршең өлеңдерімен жиі сусындап, аяқ алысына ризашылығымды білдіріп жүретінмін.Ол «көк жорға» өлеңін ерттеп мініп:
«Жел болып бірде азынасам,
От болып бірде маздасам,
Шашасына шаң жұқпас,
Шабытым барда жазбасам,
Несіне тудым ақын боп?!» десе иланбай тұра алмадым.
Биыл Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған»Білте шамның жарығына» дейін Бауыржан Жақыптың «Айдындағы аспан»,»Уақыт ұршығы»,»Абайдың Қасқабұлағы» «Елікөрген»,»Менің далам» жинақтарындағы сыршыл өлеңдері оқырмандарын баурап алғаны ақиқат.Әдеби кеңістікте өз орнын тапқан ақынның өлеңдегі өзіне ғана тән өрнектері мойындалып үлгерді.Өзі оқыған оқу орнында оқытушы,кафедра меңгерушісі,факультет деканы, ректордың кеңесшісі болғанда, Қазақ энциклопедиясын басқарған жылдарында, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасарлығына сайланғанда да шығармашылығын бір сәт босаңсытқан емес.Бүгінгі әдеби үдерістің тамыршысындай үлкендерге іні, кішілерге ақылшы аға бола білді.
«Қазақстаным,
Тәуелсіз Қазақстаным,
Ақ қанат таңның көрдім мен ғажап ұшқанын.
Көрдім мен сенің мөп-мөлдір айдындарыңды,
Алатау,Алтай, Қаратау- айбындарыңды…» деп елі мен жерінің ертеңіне қызықтыратын айтулы ақынның қаламынан туған лирикалық, патриоттық тақырыптағы төлтумалары жаныңды желпіндіреді,санаңды сілкіндіреді,танымыңды байытады.
Ақынның эпикалық ауқымы кең туындыларының бірі-«Жан даусы»поэмасы.Басынан бағы жамыраған Абыралы туралы элегия бір ауылдың емес, Қазақ елінің ғана емес жер-жаһанның зары,мұңы, қайғысы.
«Жыр жазған ақша бұлтқа тауың қайда,
Билейтін мың бұралып талдың қайда?
Салатын кешің қайда түрлі сурет,
Ән шырқап ататын ақ таңың қайда?
Сол таңның шық-моншағы, лағыл қайда,
«Кел-кел» деп көзді арбайтын сағым қайда?
Абайдың жұртын іздеп келген жанның,
Алдынан барлығы да табылмай ма?» деген қос шумақ ақынның жанайқайы.Зілзала зардабының салмағы поэманың»Дегелең тауының зары», «1949. Тамыздың жиырма тоғызы»,»Қураған тоғайдың соңғы сөзі»,»Боз даланың қасіреті»,»Тартылған өзеннің мұңы» … деп айдар тағылған тарауларында тереңдеп,жан азабы ауырлай түседі.Ақын көкірегін жарып шыққан жан айқайы уақыт өтсе де маңызын жоймайтын өлмес туындыға айналды.
Айтарын дер кезінде айта білген ақжарма жырдың иесі Бауыржан Жақыптың «Білте шамның жарығы» жыр кітабы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа толық сай келетін шығармалардың көш басынан көрінеді.
Жомарт ИГІМАН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.