Ойлылар ойыны мәреге жетті

Мамырдың 8-інде Елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73 жылдығы, Астананың 20 жылдығы және Сарқан қаласының 50 жылдығы құрметіне Сарқан қалалық округі ардагерлері арасында шахмат пен дойбыдан ашық біріншілік өтті.

Аға буын өкілдері бұл күні танымын кеңейтіп, білсем-үйренсем деген жастарға өнеге болып, ой-өрісті кеңейтетін спорт түріне құштарлықпен атсалысып, тартысты  ойын үлгісін көрсетті. Жарыс нәтижесі шығарылып, жүлдегерлер суырылып алға шықты. Шахматтан өткен тартысты ойында Е.Жазықбаев І орынды иеленді. Сондай-ақ шахмат тақтасы үстінде ойлы ойын өрнегімен көзге түскен Б.Қомашбаев екінші, Д.Уанов үшінші орындардан көрінді.

Дойбы ойынында Д.Уанов жеңімпаз атанып, бірінші орынды жеңіп алса, Г. Тойшыбаев екінші, Б.Қомашбаев үшінші орындарды иеленді. Жүлдегерлер ардагерлер ұйымының грамотасымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Күлшарбан Қалиева,

қалалық аналар кеңесінің төрайымы.

Мәліметпен бөлісу: