Биыл сәні мен салтанаты келіскен бас шаһарға 20 жыл толды. Бас шаһардың туған күніне орай жыл сайын дәстүрлі түрде ауданымызда іс-шаралар ұйымдастырылып, қалың жұрт мерекені асыға күтіп, қуанышпен қарсы алады.
Биыл сарқандықтар Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын айрықша атап өтті. Бұл күні орталық М.Тынышбаев атындағы алаңға жиналған жұртшылықтың жүзі жарқын. Себебі еліміздің еңсесінің көтерілуінің бірден-бір символы – Ас тананың қысқа мерзімде әлемнің назарын аударуы. Салтанатты жиында аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков аудан тұрғындарын осынау айтулы мерекемен құттықтап, бұл мерекенің өзіндік мән-маңызына кеңінен тоқталды. Сол күні ауданның мемлекеттік-қоғамдық қызметтерінде өзіндік іздері бар Мұрат Түсіпов, Оралбек Тертюбаев “Ауданның Құрметті азаматы” атағына ие болып, бір топ ардагерлер мен мемлекеттік қызметкерлер «Астана қаласына 20 жыл» мерекелік медалімен, аудан әкімінің алғыс хатымен және аудандық «Нұр Отан» партиясының алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мереке күнінің ажарын аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен арқан тарту, эстафета, гір көтеру, 50 кг қант-ұн қаптарын көтеруден жарыстар аша түсті. Жеңімпаздарға мадақтамалар мен сыйлықтар берілді. Қала тұрғындарының спортпен жүйелі түрде айналысуына, жеңіл атлетикамен шұғылдануына қызығушылығын арттыру мақсатындағы жиын аудандық мәдениет үйінің, ауданның өнерпаз қыз-жігіттерінің Астананың 20 жылдығына арналған «Жаса жайна – Астанам» атты мерекелік концертіне ұласты.
Ж.ЖОМАРТҰЛЫ.