ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТЕ «ТІЛ ЭКОЛОГИЯСЫ» КУРСЫН ОҚЫТУДЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ

Мухаметкали Самал Хусайынқызы,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
педагогика ғылымдарының магистрі



Жетісу облысы, Сарқан ауданы, Қарабөгет ауылы, «Әл-Фараби атындағы орта мектебі МДШО бар және Еркін бастауыш мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесі»
Тіл – белгілі бір ұлттың сан ғасырлық тарихын, мәдениетін, құндылықтарын, сөз байлығын бойына жинаған таңбалық жүйе, адамдардың коммуникативтік әрекетін қамтамасыз ететін қатынас құралы, уақыт ағымымен өзгеріп, дамып отыратын қоғамдық құбылыс.Қазақ тіл білімінің көрнекті ғалымы А.Байтұрсынұлы: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек»,- деп тілдің адам болмысын ашудағы қызметін терең танытады. Демек тілдің өмір сүруі, қолданылуы тіл иесі адамға, тіл өмір сүретін қоғамдық ортаға тікелей байланысты. Жаһандану үрдісінде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің саламаттығын сақтау үшін оқушылардың ауызша, жазбаша сөйлеу тілін дамыту, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігін арттыру жалпы білім беретін мектепте «Тіл экологиясы» элективті курсын оқытудың қажеттілігін айқындайды. Тілді ұлттық құндылық десек, бұл курстың прагматикалық әлеуеті қазақ тілінің нәрін оқушы санасына сіңіріп, сөйлеу мәдениетін дамыту, тілдің адамға, адамның тілге әсерін бағамдап, мектеп оқушылары арасында кибербуллингтің алдын алуына мүмкіндік береді.Сондай салалардың қатарындағы лингвоэкология — ХХ ғасырдың 90-жылдары лингвистика мен экологияның тоғысуы нәтижесінде қалыптасқан тіл білімінің жаңа саласы. Ғалым Н.Уәли тіл экологиясының міндеттерін тілді ластанудан қорғау, нигилизм, тіл басқыншылығы, бейпіл сөздер, жаргон, сленг сөздермен күрес, тілдік тұлғаның ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру деп тұжырымдайды . Бұл тұжырымдар «Тіл экологиясы» курсының мектепте оқытудың өзектілігін нақтылай түседі. Ғылымда экология терминін алғаш 1966 жылы ғалым Эрнст Геккель ағзаның қоршаған ортамен байланысын танытып үйрететін ғылым ретінде ұсынған болатын. Уақыт өте келе бұл атаудың танымдық мәнінің кеңейгенін лингвоэкология термині айқындай түседі. Ғылыми деректерге сүйенсек, 1972 жылы Э.Хауген баяндамасында «тіл экологиясы» терминін қолданып, осы бағыттың негізін салды. Ғалымның пікірінше, тіл экологиясы тіл мен тілдік ортаның қатынасын зерттейді. Сонымен тіл экологиясы — кез келген этнос тілінің өмір сүруі мен қадір-қасиетін, ұлттық құндылықтарын сақтау үшін айрықша мәнге ие антропоөзектік бағыттағы жаңа сала. Тіл экологиясының негізгі ұғымдары: тілдік тұлға, тілдік орта, тілдік жағдаят, тілдік импульс, тіл мәдениеті, әдеби тіл нормалары, лингвоэкологиялық тәрбие. Қазақ тілінде тілдің құдіреті, пайдасы мен зияны туралы өткір ойлар халық ауыз әдебиетінде мақал-мәтелдер, шешендік сөздер т.б. басталып, ежелгі дәуір әдебиетіндегі шығармаларда, ақын-жазушылардың туындыларында көрініс табады. Атап айтсақ, Х.Досмұхамедұлы «Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілін көркейтіп, байытып гүлдендіреді» десе, А.Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,- деп тілдің қоғам, ұлт үшін маңызын дөп басып айтады. Тіл экологиясына қатысты мәселелер Н.Уәли, Д.Әлкебаева, А.Абасилов, А.Әмірбекова, Г.Чукенаева т.с.с тілші-ғалымдардың зерттеулерінде әр қырынан қарастырылды. Жалпы орта білім беретін мектептерде «Қазақ тілі» пәнін оқытудың мақсаты – ана тілін қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру. Осы мақсатпен «Қазақ тілі» пәні аясында ғана шектеліп қалмай, білім алушылардың сөйлеу тілін дамыту, олардың сөз қолданысындағы жағымсыз құбылыстарды болдырмау, түзету «Тіл экологиясы» курсы шеңберінде тілдік ортаның тазалығын, қазақстандық патриотизмнің жандануын қамтамасыз етпек. Сондай-ақ элективті курсты қоғамдық гуманитарлық бағытта 10-сыныпта жүргізу оқушыларға филология мамандығы бойынша кәсіби бағдарлауға жол ашады. Ғылым, техника жылдам дамыған заманда қоғамдағы түрлі жаңалықтар, өркениет жетістіктері қазақ тіліне әсерін тигізіп, із қалдырып жатқаны белгілі. Бұл құбылыс жасына, жынысына, әлеуметтік статусына қарамастан, тіл иесінің сөйлеуіне әсер етеді. Осыған байланысты мектеп оқушыларының сөз қолданысында да жағымсыз құбылыстарды, сөйлеу тіліндегі қателіктерді, сөздік қорының жұтаңдығын аңғарамыз. Мұндай жайттар диалогтік қарым-қатынаста, сыныптан тыс орындарда, әлеуметтік желілердегі парақшаларында байқалады. Кей оқушылар айтылым, жазылым тапсырмасында ойын ауызша немесе жазбаша жеткізе алмай қиналады, сөз қайталау байқалады. Оқушылардың сөз қолданысын анықтаудың тағы бір жолы – әңгіме, бақылау, сауалнама алу әдісімен олардың жиі қолданатын сөздерін анықтау. Нәтижесінде төмендегідей сөз қолданыстары анықталды: Жаргон сөздер – тұрақты жеке әлеуметтік топтың ауызекі қолданыстағы сөйлеу түрі. Бұл топтағы адамдар қызметіне, қоғамдағы орнына, жасына қарай ұйымдасады. Жаргон сөздер жалпы халықтық тілден айрықша лексикасымен, сөзжасамдық тәсілдерімен, фразеологизмдерімен ерекшеленеді . Мысалы: бро – аға, бауыр, шелек – өзіне сенімді, поражняк – ештеңе шығармау, фан бой – біреудің жанкүйері, сушняк – сусын, крыша – таныс, собраз – бірігіп ақша я зат шығару, батя – әке, старшак т.с.с. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілінің мәртебесін арттыру, тазалығын сақтау – әрбір қазақстандықтың азаматтық міндеті деп ойлаймын. Бұл бағытта элективті курс аясында мынадай жұмыстар жүргізіледі: Теориялық тұрғыда әдеби тіл нормалары, тіл мәдениеті, тіл тазалығын сақтауға кері әсер ететін жаргон, дөрек, былапыт сөздер, сленгтер, интерференция, сөзбен намысқа тиюдің құқықтық жауапкершілігі туралы ақпарат беріледі. Практикалық тұрғыда мәтіндерден, әлеуметтік желілер, жарнамалардан қате қолданыстарды анықтау, сараптама жасау, тілдің өмір сүруін жақсартуға байланысты тілдік импульстарға талдау жасайды, дөңгелек үстел өткізеді. Нәтижесінде оқушылар әдеби тіл нормаларын орынды қолданып, нигилизм, кибербуллинг, дисфемизм, бейәдеп сөздердің орынсыз екенін, мәдени деңгейін көрсетететінін түсінеді. Қорытындылай келе, «Тіл экологиясы» курсы қазақ тілінің ұлылығын жас ұрпақ санасына сіңіруді көздейтін, тілдік ортаның саламаттығы мен тілдік тұлғаның сауаттылығын, ана тіліне қамқорлығын арттыруды мақсат еткен әлеуеті мен өзектілігі жоғары курс.

Мәліметпен бөлісу: