Жемқорлық деген індет оны жою міндет


Сыбайлас жемқорлық бүгін немесе кеше пайда болған құбылыс емес, кез келген қоғамды ішінен үңгитін кесел, барлық мемлекеттерге тән және тамырын тереңнен тартқан құбылыс.
Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп – өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын тереңге жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдердің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене ат салысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де бұқаралық ақпараттық құралдарының дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі сыбайлас жемқорлықпен күрестің қуатты құралына айналуына тиіс.
Ұлттық паркімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаны іске асыру барысында іс-шаралар жоспары бекітіліп, орындалуда. Бұл бағыттағы жұмыстар, яғни жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру жолдарын талқыға салатын дөңгелек үстелдер, ұжымдық жиындар жиі өткізіліп тұрады. Осындай іс-шаралар ұйымдастыру барысында материалдар жинақтап, баяндамалар дайындайды, жемқорлықтың зардабы мен зияны жөніндегі тыңдаушыларға кеңінен жеткізу басты мақсат болып табылады. Қазақта «көп қорқытады, терең батырады» деген сөз бар. Көп болып қолға алатын болсақ, бұл кеселді әбден ауыздықтауға болады. Осы орайда барлық азаматтық, қоғамдық ұйымдар басымдық танытып, барша халық белсенділік танытуы қажет.
Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек. Қандай да болмасын адамдар азаматтардың құқығын таптап, заңсыз әрекеттерге баратын болса, әділдікті орнатушы тек құқық қорғау органдары. Бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік дамыған мемлекеттердің қатарына жетуді көздеп отырған шақта сол адами қалып-парасат биігінен көрінуге тиіспіз.

Б.Ж. Сағынғалиева
«Жоңғар Алатауы МҰТП»,
Ғылым бөлімінің басшысы

Мәліметпен бөлісу: