Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Астана күніне арналған салтанатты жиын өтті. Астана қаласының негізі 1830 жылы Есіл өзенінің жағасында қаланды. Алғашында Ақмола әскери бекінісі атанған елді мекенге 1862 жылы қала мәртебесі берілді. 1863 жылы Ақмола округ, 1867-68 жылы уезд орталығына айналды. 1961 жылы 26 желтоқсанда тың өлкесі құрылып, Ақмола оның орталығы болды. Қала атауы Целиноград болып өзгертілді.Ал, 1997 жылы 20 қазанда Республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. 1998 жылы 6 мамырда Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласы болып және Елорданың атауы Астана болып өзгертілді.Осы жылдар ішінде Астана Қазақстанды да әлемге әйгілі етті. Сарыарқа төсінен бой көтерген Астана бүгінде еліміздің мақтанышына, даламыздың көркіне айналып отыр.
Қазақстан Республикасының Гимнімен салтанатты бастауын алған жиында аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков құттықтау лебізін ортаға салып, «Қазақстан Республиксының үздік мемлекеттік қызметкері» Республикалық конкурсына белсенді түрде қатысқаны және еліміздің тұрақты дамуы мен мемлекеттік қызмет беделін көтеруге қосып жүрген үлесі үшін Мөлдір Жапанаеваға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровтың Алғыс хатын, Елбасы, Партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтің салиқалы саясатын насихаттап, елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік.Тұрақтылық.Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға қосқан қоматы үлесі және азаматтық белсенділігі үшін Мадияр Қожахметовке «Нұр отан» партиясы Сарқан аудандық филиалы төрағасының, аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Сонымен бірге Астана күніне орай «Нұр Отан» партиясына қабылданған партия мүшелері Гүлмира Долдаеваға, Баян Қажыкенге, Нұржан Абишеваға партиялық билеттер тапсырылды.
Жиында аудандық «Сарқан» газетінің директоры-бас редакторы Жомарт Игіман, аудан жастары атынан, Астананың құрдасы Гауһар Абдолдаева құттықтау лебіздерін ортаға салды. Астана күніне арналған мерекелік кеш аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің ән-шашуларымен ажарлана түсті.
М.Айтова.