Өткен сейсенбіде қант қызылшасын өсірудің нақты технологиясын үйрету мақсатында Сарқан ауданының Бақалы ауылында «Айша-Амир» сервистік дайындау орталығының базасында семинар өтті. Семинарға Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Сексенбай Бекішов, Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков, Сарқан, Алакөл, Ақсу, Ескелді, Көксу аудандарының қызылша өсірушілері қатысып, тәтті түбірден мол өнім алудың жөн-жобасымен жан-жақты танысты.
Семинарға қатысушылар алдымен Серікжан Есімжановтың жетекшілігіндегі «Айша-Амир» СДО-ның 200 гектар қызылша егістігінде болып, арам шөптен ада жайқалған жасыл өскін алқабын аралады. Жиналғандарды «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қант қызылшасы саласының сарапшысы, ауылшаруашылық ғылымының кандидаты А.Бексұлтанов осы орталықтың тәтті түбірді тұқым себуден өнім алуға дейінгі аралықтағы технологияларымен, егістікке қатысатын жаңа техникалардың ерекшеліктерімен таныстырып, Сарқан аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Мұқашев аудан бойынша қант қызылшасын өндірумен айналысатын орталықтардың, қожалықтардың жетістіктерін өз сөзіне арқау етті.
Семинарды Алматы облысы әкімінің орынбасары С.Бескемпіров ашып жүргізді.Қызылшашылар «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының сарапшысы А.Бексұлтановтың қант қызылшасын өсірудегі жаңа технологиялар, агрофон қалыптастыру, өнімділікті арттыру бағытындағы лекциясына қызыға ден қойды. Сонымен қатар «Агролинк Россия» фирмасының менеджері И.Стрелюктің қант қызылшасы алқабын зиянкестер мен арамшөптерден қосымша қол күшін қолданбай химиялық препараттар арқылы арылтудың жүйесі де қызығушылық туғызды. Ресейдің «Щелково Агрохим» фирмасының пестицидтер таратуда көш басында тұрғандығын атап өткен лектор тұқымды өңдеуден өткізуден бастап қызылша алқабында кезең-кезеңімен атқарылатын өңдеу жұмыстарына қолданылатын дәрі-дәрмектер мен тыңайтқыштар түрлерін атап өтті. Бұл зиянкестерге қарсы қолданылатын гербицидтер Жетісу өңірі қызылшашылары үшін таңсық емес. Семинарда сонымен қатар экономика ғылымдарының докторы А.Шарипов ынтымақтаса жұмыс істеуде кооператив құрудың тиімділігі туралы, Қазақ ғылыми-зерттеу институтының қант қызылшасы бөлімінің меңгерушісі К.Қонысбеков қант қызылшасын дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективасы жайында лекция оқып, тыңдаушылар назарын аударды.
Аудандардан келген қызылшашылар өздерін толғандырған сауалдарға жауапты осы басқосудан тауып, ортақ тақырып бойынша ақпараттар алмасты.
Ж. МАҚАТҰЛЫ.