Елбасымен нұрланады ертеңім

Қазақстан Республикасы Парламент сенатының «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» заңына толықтырулар енгізу туралы» заңнамасына қол қойылған 2011 жылдан бері егемен еліміз Тұңғыш Президент күнін тойлайды. Жыл сайын ажары айшықталып келе жатқан мерекені өңіріміз жөндеу көріп жаңғырып, сәні мен салтанаты келіскен аудандық мәдениет үйінде атап өтті.

Өз тағдырын өзі айқындауға алғашқы қадам жасаған Қазақстан үшін 1 желтоқсан – мемлекеттілік тарихының мерейлі күні саналуға лайықты. Өйткені 1991 жылы 1 желтоқсанда алғаш рет Қазақ ССР Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтіп, ол сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел Президенті болып сайланғаны баршамызға мәлім. Салтанатты ашқан Мем-лекеттік Гимннен кейін алғашқы боп сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаев аталмыш күннің мән-маңызына тоқталып жиналғандарға мерекелік лебізін ақтарды. Ауданымыздағы мәдениет, денсаулық сақтау, білім салаларындағы соңғы жылдардағы оңды өзгерістерден жарқын мысалдар келтірген Ғалымжан Қанатұлы бұның барлығы Елбасының сауатты саясатының арқасында мүмкін болғандығын атап өтті. Бұдан соң Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай түрлі салада еңбегімен ерекшеленіп жүргендер марапат көріп марқайды. Атап айтқанда бірқатар тұлғалар «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғ.Сарыбаевтың Алғыс хатына, аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды. Сан алуан салада озық жетістіктерімен ауданымыздың алға басуына өзіндік үлес қосып жүрген 10 жас «Жыл үздігі-2017» жастар сыйлығына ие болды. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күні мерекесін атап өту қарсаңында өзінің қызметтік міндеттерін адалдықпен атқарғаны үшін естелік мерейтойлық медальді аудан әкімінің міндетін атқарушы Маманбаев Ғалымжан Қанатұлына Сарқан шекара комендатурасының коменданты, майор М.Каримов салтанатты түрде табыстады. ҚР ҰҚК Шекара қызметіне қарасты 2484 әскери бөлімінің командирі, подполковник А.Сладкевичтің грамотасымен аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және мемлекеттік-құқықтық жұмысы бөлімінің бас маманы Г.Нурахунова мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Д.Кайыпов марапатталды. Жиында сондай-ақ тілдер мерекесінің қорытындысы шығарылып, бас жүлде «Қанатжан и Ко» ЖШС-не табысталды. Көпшілікті сондай-ақ мәдениет саласының ардагері Ш.Жұманова, аудандық мәдениет үйінің қызметкері Г.Қисабекова, Абай атындағы мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Д.Қалиев, аудандық орталық аурухананың дәрігері О.Байжанов мерекемен құттықтады.
Аудан өнерпаздарының мере-келік ән мен жыр, би мен күйден шашуы елі сүйген Елбасының абыройын асқақтатып, көпшіліктің ортақ шаңырақ-Қазақ еліне деген сезімдерін тербеді.

П.ЖЕҢІСХАН.

Мәліметпен бөлісу: