Жан жылуыңмен көмектес

Алматы облыстық білім басқармасына қарасты №10 психологиялық-педагогикалық коррекциялық кабинеті жақында жылдық жоспарына сәйкес балалар мен ата-аналарға арналған «Жан жылуымен көмектес» атты қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырды. Мекеме басшысы Махаббат Чуйкенова іс-шараның ашылуында өз лебізін білдіріп шараның маңыздылығана тоқталды.

 

– Негізгі мақсатымыз – жас ұрпақтың бойына адамгершілік, ізгілік, қамқорлық, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді бойына дарыту болса, № 10 ППКК базасында 2017 жылдың қараша айына алғашқы рет жоспарланып отбасыларға, оқушыларға кішігірім болса да демеушілік көрсету қолға алынып отыр. Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кең пейілділік. Ол адамға қызмет қылып, жақсылық жасауға пейілді жанға тән сипат. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу!-дей келе мекемедегі 24 балаға демеушілер тарапынан ұсынылған сыйлықтарды таратып, тағдыр талқысына ұшыраған жандармен жүрек жылуын бөліскен демеушілердің аттарын атап айрықша алғысын білдірді. Аталған демеушілердің ішінде бір нақты балаға бір реттік қана емес, үнемі демеушілік көмек көрсетуге дайын азаматшалар табылып, ата-аналармен жекелей кездесіп те үлгерді. Яғни шара өз жемісін берді, мақсат белгілі бір деңгейде орындалды деуге негіз бар.
Сондай-ақ жиынға арнайы қатысқан «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Түсіповке ата-аналар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Мұрат Төлеуұлы өз кезегінде ата-аналарды кейбір мәселелерді шешу үшін жеке кеңеске шақырды.
Жалпы 2005 жылдан өз жұмысын бастаған №10 психологиялық-педа-гогикалық коррекциялық кабинетінде қазіргі таңда 0-ден – 18 жасқа дейінгі 342 бала тіркеуге алынған. Бұл бойында тіл кемістігі, ақыл-ойдың кемдігі, психикалық дамуының кешеуілдеуі, церебральды сал ауруына шалдыққан, тірек-қимыл аппаратында кемшілігі, есту және көруінде кемістігі бар балалар. Аталмыш мекеме психофизикалық дамуында ауыр және күрделі кемістігі бар балаларға бір уақытта, үздіксіз, бір деңгейде жан – жақты мамандандырылған көмек көрсетеді. Қабылданған балаға мекеме педагогтары топтық бағалау жүргізіп, анықталған кемістіктер мен қажеттіліктерді ескере отырып балаға жеке түзету-дамыту сабақтары қойылады. Сондайақ жеке түзету-дамыту сабақтары кемістіктің ауыр және жеңілдігіне байланысты 1-кезеңде 3 айға немесе 6 айға қабылданып, арнайы педагогтар тарапынан жеке дамыту бағдарламасы құрылады. Яғни әрбір баламен мамандар жекелей жұмыс жүргізеді деген сөз. Білім алуда ерекше қажеттілігі бар балалаларға жоғары санатты сурдопедагог Чуйкенова Махаббат Казизовнаның басшылығымен бірқатар мамандар еңбек етуде. Ерекше балалар бөлекше әдіс пен тәсілді, тәлім мен тәрбиені қажет ететіндігі сөзсіз. Осы орайда аталмыш балаларға өз құзіреті шегінде тиісті көмек көрсетіп қана қоймай олардың мұң-мұқтаждарын күнделікті бөлісе білетін қызметкерлердің атын атап, түсін түстегендігіміз жөн. Олар: әдіскер, екінші санатты педагог-логопед Мөлдір Жакенова, І санатты олигофренопедагог Ардақ Садвакасова мен Адал Айжан, І санатты педагог-логопед Жұлдыз Байганышева, ІІ санатты педагог–психолог Баян Байганышева, тәрбиеші ұстаз Амина Шаих және 1 санатты емдік дене-шынықтыру педагогі Батырбек Кабасов. Тірліктің талай талқысына төтеп беріп келе жатқан жандарға аталмыш мекеме өз құзіреті шегінде тиісті қолдауды көрсетіп келеді. Дегенмен қоғамымыздың бір мүшесі санатындағы осынау балаларға баршамыздың жан жылуымыз артық етпейтіндігі белгілі. Ендеше, сауапты іске атсалысамын деген жандар үшін мекеме есігі қашанда ашық.

П.ЖЕҢІСХАН

Мәліметпен бөлісу: