Маусымның мамыражай күнінде Сарқан ауданы, Қойлық ауылында осы елді мекенде туып – өсіп, осы өңірден қанат қағып, арман қуып алыстарға аттанған, бүгіндері өздері-нің тұлғалық болмыс-бітімін қалыптастырған ел ағалары бас қосты. Бас қосуға себеп болған – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын Мемлекет басшысы белгілеп берген «Туған жер» бағдарламасы.
Ғұмыр бойы жауапкершілігі мол қызмет жетегінде жүрсе де туған жерге деген перзенттік парызын ұмытпаған ағалардың сапары туған мектептерінен бастау алғаны орынды болды. Олардың кезінде білім алған мектебі бүгіндері балабақшаға айналған. Балдырғандар мекенін аралап, сағыныштарын басқан соң бүгінгі еңселі Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектептің дәрісханаларымен танысты. Осы ауылдың түлегі Айдар Садуақасов салдырған Қойлықтағы орталық мешітке ат басын бұрып, бақилық бол-ған замандастарының рухына бағыштап, құран оқытты.
Қойлықтағы Кәкімжан Қазыбаев атындағы Мәдениет үйінде өткен жылы жүзді жүздесуді ауылдық округтің әкімі Мейрам Макетов кіріспе сөзбен ашты. «Туған жер» аудандық бағдарламасы-ның жетекшісі, білім және ғылым қызметкерлері аудандық кеңесінің төрағасы Жанат Мұқашев туған жердің қажетіне жарап жүрген білімі мен кәсіби дағдысы ұштасқан жерлестерінің ауыл емес аймақтың, қала берді бүкіл елдің мақтанышына айналғанын өз сөзіне арқау етті. Аудандық мәслихаттың хатшысы Қадыр Абдрахманов Елбасы мақаласында айтылған идеялардың, аудан әкімі Ерғазы Қошанбековтың бастамасымен аудан тұрғындарынан қолдау тапқан «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» әлеуметтік жобасының жүзеге асу барысына жан-жақты тоқталды.
Қойлықтың ел назарындағы білікті түлектерінің көш басынан көрініп келе жатқан мемлекет қайраткері, сенатор Төлеубек Мұқашевтың сөзі жиналғандарға ой салды. Қашан да биік мінбелерден ел мүддесін көтеріп жүрген халық қалаулысының ғұлама Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мысалға келтіре отырып, елге-жерге деген жүрек көзін ашу жайындағы ойлы пікірлері тыңдаушыларды баурап алды.
-Елбасымыздың халыққа ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілгендей өзіміздің ұлттық кодты (текті) ашудың маңызы зор, — деп бастады сөзін Төлеубек Төлеуұлы. -«Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса ешқандай жаңғыру болмайды», — деп Нұрсұлтан Әбішұлы алдымыздағы мақсатты нақтылап берді. Ұлттық кодты ашу деген ол ең бірінші біздің жүрегімізде-гі Отанымызға, халқымызға, туған жерге, мемлекетімізге деген сүйіспеншілікті, мөлдір таза махаббатымыздың бұлағын ашу, жылы сезімін ояту. Сол махаб-батымыздың бұлағын ешқашанда сарқымай, суытпай, кірлетпей өмір бойы сақтау керек, дамыту керек, тазарту керек. Осы құдіретті сезім әр адамның арын, рухын, жанын, тәнін тазартады, санасын нұрландырады, тәніне күш-қуат, қайрат береді. Жаңағы сезім адам тәніне күш-қуат, қайрат, мықты денсаулық беріп, өнерлі, талантты, дарынды, іскер сегіз қырлы, бір сырлы рухы биік, қазақ елінің маңдайалды тұлғаларын қалыптастырады. Ары таза, рухы таза, жаны таза, тәні таза, бірлігі жарасқан халқымыз Елбасы нұсқағандай қуатты мемлекет құрып, әрқайсысымыз армандағандай Мәңгілік Ұлы қазақ еліне айналамыз. Біздің Қойлық ауылы азаматтарының Тәуелсіздігімізді нығайтуға, Мәңгілік елге айналуымызға өз үлестерін қосатынына нық сенімдімін.
Бұған дейін де анасы Мисәлімнің атынан жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған шәкірттерге, жаңа жылда бастауыш сынып оқушыларына дәстүрлі түрде сый-сияпат ұсынып жүрген Төлеубек Төлеуұлы үндемей-ақ үлкен іс тындыруға, қайырымдылық қадам жасауға болатынын іспен дәлелдеуде.
Мектептің, ауылдың мақтан тұтар түлектерінің бірі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңір-ген қайраткері, кинопродюсер, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Тасболат Мерекенов туған жер жайындағы деректі фильмге дайындық жасап жүргендігін айтса, ғылым докторы, кәсіпкер Балтабек Рожаев туған жерін көркейтуге өз үлесін қосуға дайын екендігін іспен дәлелдеп, мектеп оркестрін домбырамен қамтамасыз етуге, ортақ қорға үлес қосуға сөз берді. Қойлықтан шыққан белгілі ақын, суретші Лидия Коваленконың мектепке тарту ететін туындылары аз емес көрінеді. Ол кездесудің ажарын ашып, туған жерге арналған өлеңдерін үлкен тебіреніспен оқып берді. Жастардың сапалы білім алуына, зияткер ұлтты қалыптастыруға игі ықпалдарын тигізіп жүрген профессор, Халықаралық ақпарат-тық академиясының академигі Төлеухан Мұңсызбай, профессор, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымда-ры академиясының академигі Әділхан Шоқанов табысты болудың алғышарты – терең білім екендігіне ден қойып, талантты шәкірттерді қолдау бағытындағы жоба-жоспарларын ортаға салды. Замандастарының, құрдастарының туып-өскен атамекенге деген перзенттік парызының қайтарымын қуана құптаған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, полковник Қабдел Базарбаев ортақ істен тыс қалмайтынын жеткізді. Қойлық қанаттандырған Мусиндер әулеті мектепке теледидар тарту етіп, ауылды шырша-қарағайлармен көріктендіруге үлес қосатындығын, ардагер ұстаз Күләй Қазанатова мектеп ауласына отырғызуға 100 түп раушан гүлін әкелетіндігін жеткізді.
Ауданымыздан түлеп ұшып, туған жерін көркейтуге үлес қосуды мақсат тұтып жүрген білікті азаматтар көптеп саналады. Елбасы мақаласынан бастау алған қойлықтық түлектердің бас қосуы басқаларға ой салып, өңірлік «Туған жер» бағдарламасының кең құлаш жаюына қозғау салары сөзсіз.
Жомарт ИГІМАН.