1-қазаннан үй-үйді аралау басталды

Бірінші қазаннан ұлттық санақтың офлайн кезеңі басталды. Мамандар онлайн санақтан өтпеген адамдардың үйіне барып, сауалнама парақтарын толтырады.

Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері үйге келетін мамандардың киіміне қарап, арнайы куәлігін тексеруге кеңес беріп отыр. Ал есік ашқысы келмейтін адамдар 15 қазанға дейін онлайн санақтан өте алады, я болмаса арнайы учаскеге барып, бақылаушы мамандардың көмегімен сауалнама парақтарын толтыруға мүмкіндік бар.

Ұлттық статистика бюросының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің бас маманы Айбек Қалиевтің айтуынша, онлайн санақ кезінде бір адам барлық отбасы мүшесі үшін сауалнама парақтарын толтыра алады. Ол үшін бәрін ЖСН арқылы тіркеп қою қажет. Соңында онлайн-санақтан өткен адамның ұялы телефонына SMS-хабарлама келеді. Соны отбасы мүшелерінің бәрі пайдалана алады. Үйге интервьюер келсе, SMS-хабарламаны көрсету керек.

“Интервьюерлердің өздерімен бірге алып жүруге міндетті заттары болады: көк түсті шарф, санақтың эмблемасы бар сөмке және оның аты-жөні, фотосы және департаменттің мөрі басылған куәлік-бейджиктер. Сол арқылы тануға болады. Ал пәтер иесі алаяқтардан қорқып, интервьюерлерге сенбесе, онда, біріншіден, онлайн-санақтан өтуге болады. Екіншіден, қаламызда әр жерде нұсқаушы учаскелер ашылған. Ол жерде біздің бақылаушылар санақтан өтуге көмектеседі”, – дейді Қалиев.

Сарқан қаласында 12 интервьюер үй-үйді аралайды. Әрбіреуі 933 адамды санақтан өткізуі керек. Офлайн санақ кезінде барлық сұраққа жауап беруге, шамамен, 20-30 минут кетеді. Қосымша сұрақтар бойынша 1446 нөміріне хабарласуға болады.

Д.Мырзаханова,

үәкілетті тұлға.

Мәліметпен бөлісу: