Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел көлемінде талай игі істерге мұрындық болғаны белгілі. Санамызды жаңаша жаңғыртқан осынау тарихи құжаттың аясында ауданымызда да ауыз толтырып айтарлық шаруалардың басы қайырылды.
Осы тұста түлеп ұшқан мектептерін ұмытпай рухани-материалдық тұрғыдан қол ұшын созған жандардың көптігі көңілге қуаныш ұялатады. Сол қатарда Қойлық ауылындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектебінің 1965 жылғы түлегі Күләй Қазанатова бар. Күләй Күмісбекқызы былтыр мектепте өткен жиында білім шаңырағына 100 түп раушан гүлін сыйлауға уәде берген болатын. Жақында түлек сертінде тұрып аталмыш санды әсем гүлдерді мектеп ауласына отырғызып берді. Бұл жерде гүлді сонау Қаскелең тұқымбағынан әкелуге зор көмек көрсеткен белгілі тұлға Рожаев Балтабек Ғалиұлын, Егеубек Ғалиұлын, жалпы Рожаевтар әулетін және гүлді отырғызуға аталмыш мектеп ұжымының белсенділікпен атсалысқанын айрықша атап өткіміз келеді.
Қ.Жанасбеков,
аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы.