109 ЖАСТАҒЫ АЛТЫНЖАН ӘЖЕ

көп жасаудың сырымен бөліседі

Сарқан қаласында Жетісудағы ең қарт адам тұрады. Аты-жөні Алтынжан Белдеубайқызы.

1912 жылы Қытайдың Алтай аймағындағы Қаба елді мекенінде дүниеге келген. Қытай-дүнген арасы бұзылған үркіншілік заманда ел ауа жөңкілген ағайындарымен бірге Монғолияның Өлгий аймағына қоныс аударған. Осында жүріп Қасен Малшыбайұлы деген азаматқа тұрмысқа шығып, өмірге үш перзент әкелген. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары атақонысқа асыққан ағайындарымен бірге Сарқан ауданының Қарғалы ауылына қоныстаныпты.

-Қасен отағасы ескіше білім алған, түрікше – арапша сауатты адам еді. 1975 жылы 70 жасында дүниеден озды. Бес уақыт намазды қаза қылмады. Мен де он бес жасымнан намазға жығылдым,-дейді қарт әже.

Ана жылдары немересі Нұрбек үйленгенде тойына сол кездегі Қазақ радиосының басшысы, белгілі сатирик Көпен Әмірбек келген болатын. Нұрбек ол жылдары радиода қызмет атқарып, әдебиет сыншысы ретінде танылып қалған-ды. Көпен ағамыз намаз оқиды екен. Алтынжан әжемен бірге жайнамазға жығылып, кейуананың зеректігіне таң қалып еді. Содан бері жылыстап уақыт өтсе де әжеміз әлі зерек, тың.

-Намазыңыз қаза болып көрді ме?-деп сұраймыз құлағы сәл тосаң естігенімен қимыл-әрекеті ширақ әжемізден біз.

Әжей көз жанарын кеңінен ашып бізге барлай қарады:

-Сонау соғыс жылдарында «байтал түгіл бас қайғы» кезеңді бастан өткердік. Күн ұзын жұмыстамыз, қолымыз босамайды. «Ораза – намаз тоқтықта» екенін сол жылдары жақсы сезіндім. Кейін заман түзелген соң жайнамаздан ажырап көрген жоқпын.

-Ұзақ жасаудың сырымен бөліссеңіз,-дейміз біз келесі кезекте.

-Адамды адам қылатын, сергітетін, ширататын еңбек қой, балам,-дейді әжей. – Жасымнан еңбектен қол үзбедім. Мен істемеген жұмыс қалмады. Тігінші болдым. Бұл кәсіптің шебері атандым. Жұмысқа құлшынып барып, қуанып қайттым. Бір қыз, екі ұлым жетілді. Немере сүйдім, шөбере сүйдім, шөпшек сүйдім. Осының бәрі пенде атаулыны желпіндіреді. Келер күнге құлшындырады.

Алтынжан әженің Мысырхан атты ұлы ертерек көз жұмыпты. Одан кейінгі Түсіпхан мен Роза аналарын аялап, бірге ғұмыр кешіп келеді.

-Менің бұл әулетке келін болып түскеніме биыл 50 жыл болды,-дейді Роза Зекенқызы. – Мамандығым – акушер, Түсіпхан жоғары білімді математика мұғалімі. Екеуіміз 7 перзентті дүниеге әкелдік. Бүгінгі таңда Қуаныш Павлодарда, Қуан Сарқанда тұрады, екеуінің де кәсібі бар. Нұрлан № 1 мектеп-гимназияда математика пәнінің мұғалімі. Ал Нұрбек болса Прагада, «Азаттық» радиосының қызметкері. Бәрінің де отбасы бар. Қыздарымыз да қияға қонды. Немерелеріміздің алды есейіп, өмірге кірпіш болып қалануға ұмтылуда.

Роза табиғатына тән сыпайы қалпында балалары жайында әңгімелеуге бейім. Біз болсақ ғасыр жастан асқан енесінің күтімі жайлы тақырыпқа ойыса бердік.

-Апамыздың сүйіп тұтынатын тағамы – сүт, құрт, май, айран, қымыз. Мал сүтінен дайындалған тағамның қай-қайсысынан да шығып көрген жоқ. Тойып тамақ ішпейді. Аз-аздан ғана тұтынады. «Ауру – астан» екенін жақсы біледі,-дейді келіні.

Қарт әже жиі ауырып-сырқайтындардың қатарында емес. Аурудың алдын алады. Кейінгі бір-ер жылда қан қысымы көтерілетінін байқапты. Одан басқа мазалайтын дерті жоқ.

Түсіпхан Қасенұлы кезегі келген соң өткен жылдары пайдалануға берілген жаңа үйлердің бірін алған екен. Өздері қосымша жөндеу жүргізіпті, үйі ұядай. Үй иелері әжеге амандаса келгендерді жылыұшырап қарсы алады. Жып-жылы бөлмеде шуақты әңгіме өрбиді. Ғасырдан асқан жасында өмірдің аптабын да, ызғарын да, көлеңкесін де, күнгейін де көрген әз әженің әңгімесін тыңдау бір ғанибет емес пе?!

Жомарт ИГІМАН.   

Мәліметпен бөлісу: