2025 жылы ауыл шаруашылығын қолдауға жаңа жобалар жүзеге асады

Б.Құранбек атындағы Журналистер үйінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Онда саланың қазіргі жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы Жетісу облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Данияр Искаков мәлімдеді.
Ауыл шаруашылығы тұрақты мемлекеттік қолдау мен инвестициялық бастамалардың нәтижесінде жаңа деңгейге көтерілу үстінде. 2025 жыл осы бағыттағы шешуші кезең болмақ. Мәселен, «Ауыл Аманаты» бағдарламасына республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді. Бүгінде 342 өтінім келіп түсті, құжаттарды қабылдау жалғасуда. «Әкімдер мектебі» жобасы аясында 2025-2029 жылдарға арналған 608 инвестициялық жоба әзірленіп жатыр.
Субсидияландыру саясаты да қайта қаралып, агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне бөлінетін қаржы икемді түрде жоспарлануда. 2024 жылы бөлінген қаражат көлемі 3,1 млрд теңгеге жетсе, биыл 464 өтінім бойынша 3,4 млрд теңге резервке қойылған. Бұл қаржыны тиімді басқарудың нақты көрсеткіші.
Өсімдік шаруашылығын қолдауда дақылдарға берілетін субсидия жалғасады. Жетісу облысында қайта өңдеуге тапсырылған 1 тонна өнім үшін белгіленген мөлшер: қант қызылшасы – 25 мың теңге, дәндік жүгері – 12 мың теңге, майлы дақылдар – 6 мың теңге, қарақұмық – 8 мың теңге.
Мал шаруашылығын дамытуға 3,6 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде биыл асыл тұқымды ірі қара сатып алуға 586 млн теңге бөлінді. Соның нәтижесінде облыстағы мал басы 2,7 млн басқа жетіп, жылдық өсім 8-10 пайыз деңгейінде сақталуда.
Жоспарланған шаралар бордақылау алаңдарын кеңейтуге, сүт фермаларын дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу қуатын арттыруға бағытталған. Барлық бастамалар аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек.

Мәліметпен бөлісу: