29 сәуір күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Өткенге құрмет – тіріге міндет» тақырыбында еліміздің барлық аймағындағы бейіттердің басын тазалау және ретке келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Мұсылман адам дүниеде қандай қадірлі болса, бұл дүниеден өткеннен кейін де қадірлі оның жатқан жері, қабірін аяқасты етуге ешкімнің қақысы жоқ. Ал мұсылман зиратының маңайын тазалап отыру – жәй ғана міндет емес, ізгі амал.
Алла Тағала Қасиетті Құранда Исра сүресінің, 70-ші аятында: «Расында Адам баласын ардақтадық» деп, адамды тірі күнінде де, дүние салғаннан соң да құрметтеуге бұйырған. Асыл дініміз дүниеден қайтқан адамды соңғы сапарына жуындырып, арулап ақ матаға орап, хош иіс сеуіп, жаназасын оқып, құрметпен Жер ана қойнауына тапсырады және одан кейін де дүниеден өткен адамның ары мен абыройын құрметтеуге үндейді. Қайтыс болған адамның есеп-қисап болатын қияметке дейінгі уақытша мекені болған қабірлерді таза ұстау – баршамыз үшін қайырлы іс саналады.
Аталмыш игі іс-шараға мешіт қызметкерлері мен ерікті жамағат қатысады.
Серікбек АСҚАР,
Сарқан аудандық мешітінің бас имамы.