Қыс мезгілінің келуімен ауданымызда құлағы қылтиятын бір мәселе бар. Ол қаңғыбас иттер мәселесі. Нағыз «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дейтін тәмсілдің тілге тиек болатын тұсы. Аталмыш келеңсіздік туралы тұрғындар айтып та, жазып та жүр.
Тек нақты нәтиже көзге көрінер емес. Жалпы, аталмыш проблема жылдың кез келген уақытында бар болатын. Тек күн ұясына тез қонып, қараңғылық ерте түсетін қыста осынау бәленің бояуы қалыңдай түсетіндігі бар. Бұған төрт аяқтылардың ұйығу маусымының келуінің өзіндік әсері бар сияқты. Өйткені бір иттің артынан өрген оншақты итті күнделікті көзіміз көріп жүр. Жайымен жүрсе жақсы ғой, мектептен қайтқан бала-шағаға, жаяу жүргіншілерге айбат шегіп, тісін батырып, өмірлеріне қауіп төндіруде. Мәселенің мәніне тереңірек үңілмек ниетте жауапты мекемелердің табалдырығын аттадық. Төрт аяқтыларды аулаумен айналысатын аудандық ветеринария станциясы берген мәліметке сай биыл барлығы 973 бас ит жойылып, тиісінше 2 млн. 782 мың теңге жұмсалған. Жұмыс әлі де жалғаспақшы. Былтыр жоспар 1060 болса аталмыш мекеме межені артығымен орындап, 1207 бас иттің көзін құртқан. Яғни, бір жылда мың бастың маңайында қаңғыбас үй жануары жойылады екен. Ендеше, мәселе неге күн тәртібінен түспейді деген заңды сауал туындайды әркімде. — Бұның барлығына сіз бен біздің жауапсыздығымыз кінәлі,- дейді қала әкімі Амантай Орынбеков – заң бойынша байлауда тұратын төрт аяқтымызды талапқа сай ұстайтын тұрғындар өте сирек. Көше-көшені кезіп жүрген ит атаулы шеттен келген жоқ қой. Барлығының түгендесең иесі бар болып шығады. Жалпы, қаңғыбас ит деген болмайды. Тұрғындардан, әсіресе, көпшілік орындарда, бала бақша, мектеп маңайында ит өріп жүр деген шағым жиі айтылады. Оның көпшілігі ата-анаға немесе балаға еріп келген иттер. Сондықтан әрбір адам жауапкершілікті сезінуі керек. Аталмыш үй жануарларының жылына екі реттен күшіктейтінін ескерсек, қаңғыбас, бұралқы иттердің қандай жылдамдықпен көбейіп, жыл сайынғы жұмысымызды жоққа шығарып жатқандығын аңғаруға болады. Бірақ біз де қол қусырып отырған жоқпыз. Аудандық ветстанциядан бөлек өзіміз де аулап, кезбе иттердің қатарын кемітіп жатырмыз.
Жасалып жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға болмас, дегенмен мәселе басы ашық күйінде қалуда. Айтпақшы, өткен аптада аудандық ветеринария бөлімі қалалық әкімшілікпен бірлесіп 100-ден астам үйге ескерту қағаздарын таратып шыққан. Алдағы уақытта арнайы рейд аясында иттерін байламаған тұрғындарға ҚР әк.Кодексінің 408-бабына сәйкес 3 АЕК көлемінде айыппұл салу жоспарланған. Ал жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкіне залал келтірген жағдайда ит иесі 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттеледі.
П.Жеңісхан.