Өткен аптаның жұмасы Сарқан қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар үшін қуанышты күн болды. Сол күні «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған 5 қабатты 50 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.
Жаңа үйдің лентасын аудан әкімі Талғат Қайнарбеков қиып, пәтер иелеріне кілттерін табыстап, қуаныштарын бөлісті. Баспаналы болғандар үшін естен кетпес осынау салтанатты сәтте Талғат Қанатұлы жүрек жарды лебізін ортаға салып, қоныс той иелерін құттықтады.
Көпқабатты жаңа тұрғын үйден ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға он пәтер, І, ІІ топтағы мүгедектерге тоғыз, мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасыларға он, көп балалыларға алтау, толық емес отбасыларға алты, зейнеткерге біреу, Ауған соғысының ардагеріне біреу, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлерге алтау және тұрғын үйі апатты жағдайдағы отбасыға бір пәтер берілді.
Жаңадан беріліп жатқан тұрғын үй заман талабына сай жасақталып, барлық қажетті коммуникациялық желілерге қосылған. Сондай-ақ балалар ойнайтын алаңқаймен қоса автокөлік тұрағы да қарастырылған.
Жағымды жаңалықпен таңым атса,
Жұртыма қыдыр дарып, бағым асса.
Толқиды 50 тұрғын пәтерлі боп,
Қоныс боп бұл үй 50 шаңыраққа.
Жатсынбай жақсылықты қабылдадым,
Жандардың үйге үміткер жанындамын.
Сарқанда қаншама жыл естімеп ек,
Тұрғын үй көпқабатты салынғанын.
Алған жан қадыр тұтар баспанасын,
Өзің де оны көріп шаттанасың.
Ұзақ жыл қыжалат боп жүрген ана,
Алдымен үйге енгізді топ баласын.
Нұры ойнап мейірімнің келбетінде,
Жас келін ақ бесікті тербетуде.
Қуанар дейді көкте мың періште,
Бір бала қуанса егер жер бетінде.
Бақыт боп басымызға құт қонар ма?
Ынтымақ орын алғай құтханамда.
Дейміз біз құтты болсын жаңа қоныс,
Қолына пәтер кілтін ұстағанға.
Ж.МАҚАТҰЛЫ.