«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең
қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,-депті ұлт ұстазы
Ахмет Байтұрсынұлы.
– Ей, қайда барасың?
– Батяның жұмысына.
– Кешке общягаға тартылсай.
– Қоянның суретін салып кетпе!
Міне, қазіргі жастардың сөйлеу әдебі мен мәдениеті осы қалыпта.
Ақын Мағжан Жұмабаевша айтсақ, таза, терең, өткір, күшті, кең тіліміздің
өзегіне түскен жегіқұрты да – дәл сол жарымжан сөздер. Ал, төл тіліміздің
тамырынан жан, сабағынан нәр кетіріп, түрлі әлеуметтік диалектілерді жиі
қолдану бүгінгі буынның әдетіне айналуда. Жастар сөздігіндегі сипатсыз
жаргон сөздердің мағынасы бар ма? Мәнсіз, мағынасы да түсініксіз бұл
сипаттағы сөздерді жастар көп қолданатындықтан ортаға сіңісуі де тез,
айтылуы да жиі. Мәселен, жоғарыдағы «батя» сөзі – әке дегені, «общягасы» –
жатақхана, «тартыл» дегені – қатарымызға қосыл, жанымызға кел, ал
«қоянның суретін салып кетпе» дегені – алдап кетпе дегені. Онсыз да елге,
жерге, ұлтқа, руға, дінге, тілге бөлініп жүрген қазақ жастары қазіргі күні тіл
ішінен тіл қалыптастырды. Тіл тәрбиесі тал бесіктен басталарын ескерсек,
жастардың ауызекі сөйлеу мәдениеті табалдырықта қалып қойған секілді.
Заман талабына сай болуға ұмтылатын бүгінгі буын өздеріне ыңғайлы
соқпақты тауып алуға қашанда бейім. Әрине, киген киімі, қыдыратын орны
мен мамандықтарының өзгеше боларын білгенмен, өздеріне тән тіл
қалыптастырады деген ойды ешкім ойламаса керек. Сондай-ақ, қалыпты
тілден ауытқыған мысқылды «паразит» сөздер санамызға дендеп сіңіп қалған
секілді. Бәлкім, жанындағы адамдарға әсер қалдыру үшін елден
ерекшеленген түрі болар. Егер түпкі ойы осыған саятын болса, онда біз
тұрпайы мәдениет пен жұрдай әдептің арасында жүрміз. Себебі, қолайсыз
айтылған сөз саптауынан қандай әдеп, қандай сыпайылық күтуге болады. Ол
– ол ма, жол-жөнекей жолығысып қалған құрбылардың өзі қарапайым ғана
хабарласып тұратындықтарын жеткізу үшін «курста болайық» деп жаргондап
жеткізеді. Осыдан кейін қоғам мен адам жаны тазалығының сақталарына
күмән бар. Жабайы тіл мәңгүрт ойдан туады. Сонда біз қандай ұрпақ
тәрбиелеп отырмыз?
Тіл тазалығын сақтап, ойын еркін жеткізе алатын жастар саны сиреп
барады. Айналып келгенде барлығы заманауи көрінеміз деп жұтаңданып
бара жатқаны жасырын емес. Кезінде қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев:
«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бишарасы», — деді
емес пе?
Қарап отырсаңыз, әлеуметтік желілердегі екі достың әңгімесі жабайы
жаргондар мен сленгтерсіз өрбімейді. Онсыз сөйлесе, жастар тілімен
айтқанда, «жер» (ұяттан төмен қарау) болып қалардай. Инабат жоғалған
мына заманда тіл әдебінің де құрдымға кеткендігі баба аманатына жасалған
қиянат екендігі рас.
Онсыз да толғауы тоқсан түрлі болған тіліміздің тағдыры баршамызға
аян емес пе еді?!
Уақыт өтер, керуен көшер. Ал тіл тазалығын сақтау туралы мәселе
жастардың сөйлеу мәдениеттілігінен басталуы керек. Бізде бәрі тазаланып
келеді. Әсіресе, көшедегі қоқыс тастағанға да ескерту беріліп, айыппұл
төлетеді. Ал тілге келгенде жігер де жоқ, ынта да жоқ. Кім қалай сөйлесе де
өз еркі, себебі тілге салынар тұсау тағы жоқ. Құрығанда құрмет болса ғой.
Бір өкініштісі, төл тіліміздің сол қоқыс құрлы беделінің болмағандығынан.
Бәлкім бізге де Балтық жағалауы елдеріндегідей «Тіл полициясы» қажет
шығар? деген ой келеді…
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ата-бабаларымыздың сан ғасыр
ұлы арманы болған, ұл-қыздарымыздың киелі қаны мен беймезгіл қиылған
жанының нәтижесінде келген Тәуелсіздігімізді баянды етер басты қаруымыз
– тіл.
Тіл туралы айтылатын сыр да, жазылатын жыр да ешқашан
таусылмайды, сол сырлар мен жырларды санамызға сіңіріп, «Қазақ тілі –
мемлекеттік тіл» деген сөздерді тек қағазға емес, көкірегімізге жаза білейік
ағайын!
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ,
Сарқан ауданы.