Атом электр станциясын салу қажеттілігі

                      

6 қазан күні елімізде атом электр станциясын салуға қатысты жалпыхалықтық референдум өтетіні белгілі. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында бұл туралы былай деген еді: «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын».

Әлемдік энергия тапшылығының өсуі атом энергетикасын дамытуды талап етіп отырғаны сөзсіз. Елімізде АЭС салынған жағдайда энергия қоры көбейіп қана қоймайды, оның айналасында бизнес мүмкіндіктері кеңейеді. Әсіресе, медициналық көмек көрсету деңгейін арттыратын, жаңа емханалар мен ауруханалар салып, балалар білім беру мекемелері мен орталықтар ашуға жағдай туады. Сырт жақтан сатылып алынатын энергиядан өзімізден шығарылатын энергия көзі әлдеқайда тиімді. Еліміздегі біраз энергия станциялары ескіруіне байланысты қазіргі таңда көптеген станциялар тозып кеткен.Сондықтан Қазақстанда атом электр станциясын салу ауадай қажет. Мұның ең алдымен еліміздің экономикасына әсері өте мол.

Қазіргі таңда АЭС салынуы бойынша  халық арасынды ой-пікір екіге бөлінген. Тек қазақ халқы ғана емес, бүкіл әлем «атом» сөзінен әбден үрейленіп қалған. Оған сонау 20 ғасырда атом қаруынан қырылған жапон халқы, кеңес өкіметі кезіндегі талай жанның жанын жалмаған Чернобыльдағы жарылыс себеп. Өзіміздің қазақ жерінде Семей полигоны еліміздің жадында өзіндік негативті ой қалыптастырды. Ал, екінші жағы – энергия көзі тұрғысынан қарағанда, оның әлдеқайда қауіпсіз екенін, жаңа технологиялардың арқасында адам өміріне деген қауіпі мүлде жоқ екені әлемдік ғалымдардың өзімен дәлелденуде. Менің өзіндік пікірім болашақ ұрпақ үшін, келешегіміз үшін АЭС салу орасан зор мүмкіндіктер мен кемел болашақтың кепілі.

Ж.Абишев,

Амангелді ауылдық округі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы.

Мәліметпен бөлісу: