АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб өңірлерде тұрғындармен кездесуді жалғастыруда. Осыған сәйкес штаб мүшелері Сарқан қаласындағы политехникалық колледждің ұстаздары мен білімгерлерімен АЭС-тің артықшылығы туралы әңгімелесті.
Аталған білім ордасы ұжымымен кездесуде штаб мүшелері кәсіпорындардың жүйелі жұмыс істеуі үшін сенімді және тұрақты энергиямен жабдықтаудың маңызы туралы әңгімелесті. Штаб мүшесі Сания Елюбаева АЭС – жаңа жоба ғана емес, бұл инвесторларды тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға қажет ұзақмерзімді шешім екенін атап өтті.
«Біз аса маңызды мәселелер шешілетін дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Оның бірі – атом энергетикасы. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде электр энергия тапшылығы пайда болды. Аталған аймақтарда гидроэнергетиканы қамтамасыз ете алатын қуатты өзендер де, көмір өндірілетін кен орындары да жоқ. Яғни, бірден-бір дұрыс шешім – АЭС құрылысы. Күн мен жел энергиясын қазірдің өзінде пайдаланып келеміз. Алайда, олар – тұрақсыз. Бүгін шайдай ашық аспанды ертең бұлт торлап тұрады. Атом энергетикасының барлық басқа энергия көзінен айырмашылығы сол, ол ұзақ жыл тұрақты әрі қуатты энергиямен қамтамасыз ете алады. Бұл – жай ғана қажеттілік емес, заман талабы. Миллиондаған адамның жарқын болашағын қамтамасыз еткіміз келсе, біз одан бас тарта алмаймыз», – деді Сания Абылайханқызы.